Семейде Балалар жылы аясында қандай шаралар қолға алынды?
Олар үшін жазғы лагерьлерде демалу, музей мен театрларға бару тегін болмақ. Жазғы каникул кезінде оқушылар түрлі спорттық, білім-өнер сайыстарына да қатыса алады. Мұның барлығы – биыл жарияланған Балалар жылы аясында қолға алынған шаралар.
Сондай-ақ жазғы каникул қарсаңында оқушылар облыстық Судан құтқару орталығының ұйымдастыруымен судан құтқару қызметінің қыр-сырына қанықты. Олар қиын жағдайда қалған құрбыларын құтқаруға машықтанып, алғашқы жедел көмек көрсету құрылғыларын тамашалады.
Колледж оқушысы Сергей Петров үшін жаңа әлем ашылғандай болды. Ол құтқарушылардың ауыр киімі мен аспаптарын алғаш рет бойына өлшеп көрді. Әдетте «от пен су – тілсіз жау» дейді. «Ендеше, сол айтып келмейтін апаттан өзіңді ғана емес, өзгені құтқара білу үшін дайындық керек екенін толық түсіндім», – дейді.
Сергей Петров, студент:
- Бірінші рет байқап көруім ғой, дегенмен қиын емес секілді. Бұған дейін бейнежазбалардан көріп, тамашалаған аспаптар мен киімдерді көрдік. Барокамераның да жұмысымен таныстық. Керемет!
Мария Карпова, оқушы:
- Мен тұңғыш рет суға тұншыққан адамға қандай көмек керек екенін түсіндім. Жалпы бұл таныстыру шарасы қатты ұнады.
«Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей» демекші, сәби санаға сіңірген сабақ ұзаққа сақталары анық. Олар құтқарушылардың қызметімен танысып қоймай, өздері алғашқы жәрдем көрсетуге машықтанды. Бастысы, суға шомылу кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелерімен танысты.
Аман Қапанов, ШҚО ТЖД судан құтқару қызметінің бас құтқарушысы:
- Жазда балалар суға түседі, демалады. Сондықтан олардың суда, қайықта өздерін қалай ұстау керек екенін, құтқару құралдарын қалай пайдалану керек екенін білгені жөн. Қажет болып жатса, алғашқы көмек көрестуге де дайын болуы керек.
Семейде суға шомылу маусымы 1 маусымда басталады. Соған қарамастан, құтқарушылар мұндай шараны жыл бойы ұйымдастырып келеді. Осы уақытқа дейін олар 3,5 мың демалуышыға қауіпсіздік ережесін таныстырған.
Биылғы жазғы демалыс семейлік балақайлардың есінде ерекше есте қалуы тиіс. Ол үшін облыстық білім басқармасындағылар: «Барлық мүмкіндікті қарастырып жатырмыз», – дейді.
Біржан Бұлабаев, Семей қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
- Балалар жылының аясында аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Биыл осындай санаттағы 1 050 бала лагерьлерге тегін жолдамамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 6 900-ден астам бала мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Жалпы биыл Семей қаласы бойынша 50 мыңнан астам оқушы жайдары жаздың игілігін көреді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов