+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Президент сынға алған БҚО-дағы жолдарды жөндеу басталды ма?

  • Категория: Қоғам
Президент сынға алған БҚО-дағы жолдарды жөндеу басталды ма?

Батыс Қазақстан облысында бірнеше жыл бұрын басталған «Қазталов – Жәнібек – Ресей шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайхын» автожолының құрылысы ұзаққа созылып кетті.

Жуырда Мемлекет басшысы осы олқылыққа жол берген өңір басшыларын қатаң сынға алған еді. Кейін кестеден қалып келе жатқан нысанды бақылауды Үкімет жетекшісіне жүктегені мәлім. Дәл қазір аталған өңірде жол жөндеу жұмыстары басталды ма?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Дәл қазір біз Қазталов ауылынан Жәнібек бағытына қарай 12 шақырымға дейін асфальт төсеу жұмыстарына куә болып тұрмыз. Күре жолдың бойында жұмыстың қыз-қыз қайнап жатқаны, әрине, көңілге қуаныш ұялатады.

Данияр Райысов, жол учаскесінің шебері:

- Термометр асфальттың ыстығын көрсетеді. Зауыттан шығарғанда 150-160 болуы керек. Әр 15-20 метр сайын тексеріп отырамыз.  

Осы қарқыннан таймаса компания Қазталовтан Ащысайға дейінгі 53 шақырым жолдың құрылысын ертерек бітіруге ниетті. Техника талапқа сай, адам күші жеткілікті.

Дінмұхаммед Сәтбаев, мердігер компанияның басшысы: 

- Қазіргі таңда 53 шақырымның 27-сі салынып қойған. Биылға жоспарланған 13 шақырым бар. Бірақ кейін қосымша қаражат бөлінгендіктен, биыл бүкіл участокты толықтай төменгі асфальт қабатымен бітіруге тырысып жатырмыз. 

Аймақтағы аса ауқымды жоба аясында Қазталовтан Жәнібекке және Сайхынға дейінгі 248 шақырым жолға асфальт төселуі тиіс еді. Бастапқы жоспар бойынша құрылысты еңсеріп-ақ тастайтын кез болған. Әу баста бұл мақсатқа бақандай 57 миллиард теңге бөлінген-ді. Алайда  соның тек жартысы ғана игеріліп, аттай үш жылда небәрі 55 шақырымдай жол салынды. Мердігерлер бұған қатысты сан түрлі сылтау айтты. «Пандемия, құрылыс заттарын таситын вагон тапшы», - деді. Бәрінен қиыны, осы аралықта құрылыс материалдарының құны аспандап кетті.

Қазбек Мәмбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ БҚО филиалының директоры: 

- Материалдар құны 40-50% дейін өсіп кетті. Қазіргі уақытта Үкіметтің қолдауы бойынша жобалық-сметалық құжаттардың түзетуі жүргізіліп жатыр. Осы мамыр айының аяғына дейін соны түзетіп, жаңадан келісімшартқа отырамыз. Сондықтан мердігерлерге аздап жеңілдеу болады деп ойлаймын.

Биылғы жоспар бойынша алдағы қысқа дейін 100 шақырым жолдың бірінші қабатына асфальт төселуі тиіс. Бірақ бұрынғы мердігермен келісімшарттың бұзылуына байланысты келесі учаскеде жол құрылысы тоқтап тұр. Енді бұл аралықтағы жұмыс маусым айында жалғасады. Президент сынынан кейін жыр болған жобаға жан біткені рас. Қосымша қаржы бөлінді. Вагон мәселесі де реттелді. Дегенмен қажет материалдардың мыңдаған шақырым жерден тасымалдануы құрылыс қарқынын үдетуге қолбайлау. Мәселен, Ақтөбе облысынан Ресей арқылы Жәнібек пен Сайхынға қиыршықтас жеткізуге кемі 2 апта уақыт кетеді. Осындай қиындықпен әкелінген материалдардың сапасы да әркез талапқа сай бола бермейді. 

Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» БҚО филиалының директоры:

- Осы учаскеде жөндеу жүргізіп жатқан мердігерлердің барлығына тән кемшілік материал жағынан болады. Қоспасын жіті назарда ұстамайды. Технологиялық процесте қателіктер жіберіп жатады.

Үш жыл бұрын екі жолақты бір шақырым жолды салу құны 250 миллион теңге шамасында болған. Бірақ қазіргі баға басқа. Барлығы жобаны түзету жұмыстарынан кейін белгілі болады. Әзірге автожол құрылысын жүргізіп жатқан компанияларға қосымша 15 миллиард теңге бөлінген. Айта кетерлік жайт, енді өңір әкімдерінің рейтингін автокөлік жолдарының сапасы бойынша анықтау ұсынылып отыр. Жолдың жыры жуық арада бітпейтін өңір үшін бұл ұсыныстың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.         

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов,  Елдар Аюпов