Торғай өңіріндегі көлдер кеуіп барады
Су тапшылығы экожүйеге, мал шаруашылығына кері әсерін тигізгенін халық сезінді. Кезінде Жангелдин ауданындағы Жаркөл мен Татыркөл Қызыл кітапқа енген аң-құстар мен балықтарға бай болатын. Қазір олардың ізі де көрінбейді.
Жергілікті тұрғындар Жаркөл көлінің бұрынғы ізін көрсетіп жатыр. Олардың айтуынша, су айдыны соңғы 25 жылда 70% құрғап қалған.
Жұмабек Нұғыманов, Жаркөл ауылының тұрғыны:
- Бұның көптеген себебі бар. Жоғары жақтан келетін сулар жан-жаққа бөлініп кетіп жатыр. Қызбел жағынан келетін, бұзып кететін бөгеттердің бәрін Үкіметтен ақша бөлініп, соларды жөндесе екен. Дөңгелегін ғана көріп тұрсыздар. Түгел кеуіп жатыр.
Көрші Татыркөлдің жағдайы да оңып тұрған жоқ. Кезінде бұл жерге бір емес, бес бірдей өзен суы құятын. Құрғақшылықтан жер сорланып, экологиялық жағдай күрделеніп барады.
Меңдібай Әбдібаев, Жаркөл ауылының тұрғыны:
- Бір айдан кейін мынаның бәрі сор тұз болады да, желді күндері түгел көтеріліп, ауылға басады. Міне, экологияның қалай әсер етіп жатқаны өздеріңізге белгілі. Осыған су түссе, жергілікті халық осыдан балық ауласа, өзіне керегін, артығын Үкіметке тапсырса екен. 1980 жылы Аралдан балықшылар келіп, осы жерден кәдімгідей балық аулаған.
Бұрын көлдің айналасы қалың қамыс болатын. Жұрт содан малына азық жинады. Ал қазір айналада төрт түлікке беретін шөп те қалмады.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
- Небәрі жеті жыл ішінде Татыркөлдің арнасы тартылып, түбі кеуіп қалды. Кезінде балығы тайдай тулап, төрт түлік үшін шөл қандыратын таптырмас орын осы болатын. Су айдынының ұзындығы 20 шақырым, ал ені 8 шақырымға дейін жететін. Егер құрғақшылық жылдан-жылға белең алса, онда жергілікті халық атакәсіптен біржолата қол үзуі әбден мүмкін.
Қос көл Торғай даласында орналасқан. Жаркөл «Алтын дала» табиғи резерватының қарамағында. Ал Татыркөл Жангелдин ауданының иелігінде. Су айдындарын сақтап қалуға жергілікті билік дәрменсіз.
Шота Оспанов, Жангелдин ауданының әкімі:
- Татырдың құрғап тұрғаны – табиғи фактор. Осыған дейін де құрғады. Бір жылдары толды. Ол толғаннан кейін су екі-үш жылға дейін тұратын. Ал оны басқаша толтыру мәселесі бұған дейін қаралған жоқ.
Ирина Никоненко, «Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясы» РММ бөлім басшысы:
- Аймақта 2008 жылдан бері су қоры азайып барады. Татыркөл мен Жаркөл құятын өзендер есебінен толатын. Алайда соңғы жылдары көктемгі су тасқыны кезінде өзен-көлдерге жеткілікті көлемде су келмеді, қыста да қар болған жоқ.
Құрғақшылық пен су тасқынының азаюы. «Көлдердің тартылып қалуына осы факторлар себеп», – дейді мамандар. Су айдындарын сақтап қалу үшін жергілікті тұрғындар облыс әкімдігі мен экология министрлігіне хат жолдаған. Алайда ол жақтан мардымды жауап ала алмаған. Енді Үкіметке шығып отыр.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров