Сәкен Майғазиев, Альмира Тұрсын, Жәмилә Серкебаева дауыс берді
Тұрғындар танымал қонақтармен суретке түсіп, елеулі күннен естелік қалдыруда. Саяси науқанда отбасымен келіп азаматтық таңдау жасауды әдетке айналдырған Жәмилә Серкебаева, Альмира Тұрсын және Сәкен Майғазиев референдумда әр адамның дауысы маңызды екенін айтты.
Референдум арқылы Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді әнші Сәкен Майғазиевтің отбасы бірнеше рет талқылапты. Конституциялық құқын орындауға келген әйгілі «МұзАрт» тобының әншісін тыңдармандары танып, хал сұрасып жатты. Ол өзі тіркелген №383 учаскеге келіп таңдау жасады. Дегенмен ешкімге кедергі келтірмеу үшін учаске ішінде сэлфи жасалған жоқ. Бірақ дауыс берген соң елеулі күнді есте қалдырып, суретке түсті.
Сәкен Майғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Кез келген қоғамның азаматы мемлекетте болып жатқан іс-шараға жүрдім-бардыммен қарамауы керек. Өкінішке қарай, «Мен бармасам да шешіліп қояды», «Менің дауысым не шешеді?!» деген енжарлық бізде басым болып тұр. Біз сондай пікірден арылуымыз керек.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева Ұлттық кітапханада дауыс берді. Белгілі скрипкашы тазалық пен болашаққа деген үміттің белгісі деп арнайы ашық түсті киім киіп келген. Сондай-ақ ол кез келген саяси науқанға жанұясымен белсене араласатынын айтады. Жәмиләнің әкесі Мұрат Серкебаев пен атасы Ермек Серкебаев та – Қазақстанның мәдениетіне зор үлес қосқан азаматтар.
Жәмилә Серкебаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Біздің отбасымызда әкем – өте қатал адам. Барлық кезде тәртіпті талап етеді. Ол да дауыс берді. Осындай жауапты кезеңдерде шетте қалмай, бізді де белсенді болуға шақырады. Өйткені әкем – еліміздің болашағына ешқашан бейжай қарамайтын адам.
Ал актриса Альмира Тұрсын Алматыдағы референдум учаскесіне ұлымен келді. Көрерменге «Томирис» фильмі арқылы танылған актриса осы көркем фильмнен кейін тарихи шығармаларды қайталап оқып жүргенін айтты. Мемлекеттің қуатты болып, экономикалық дамуы халықтың қолында. «Сондықтан да ел өміріндегі оқиғаларға бейжай қарамау керек», – дейді ол. Референдумнан қалыс қалмаған актриса әр адамның таңдауын құрметтейтінін жеткізді.
Альмира Тұрсын, актриса:
- Біз отбасымызда саясат пен сенім мәселесін талқылағанымызбен, әр адамның таңдауына қарсы шықпаймыз. Тек өзіміздің көзқарасымызды ортаға саламыз. Ұлыма осында келе жатқанда референдум туралы түсіндіріп, не үшін керек екенін айттым. Ұлым менен қандай өзгерістер енгізілетінін, ненің ауысатынын сұрады. 9 жасар бала болса да, барлық айтқанымды түсініп тұр. Ал ата-анам сәлден кейін келетіндерін айтты.
Қаладағы референдум учаскелеріне әнші, актерлерден бөлек спортшылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері де келіп таңдауларын жасады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев