Қостанай облысында халықтан сүт сатып алу бағасы көтерілді
Ауыл тұрғындары бұл баға тым төмен деп отыр. Жем-шөпке кеткен шығынды ақтамайтынын айтады. Сондықтан малын етке өткізіп жатқандар көбейген.
Қарабалық ауданындағы Жаңаауыл елді мекенінің тұрғыны Алтынбек Есполовтың жеке шаруашылығында жиырмаға жуық жылқы, ірі қара, жүзден аса қойы бар. Биыл ол барлық сиырын сойып, етке өткізбек.
Алтынбек Есполов, ауыл тұрғыны:
- Ірі қара ұстаудың пайдасы шамалы. Қазір сүтті литрі 120-130 теңгеден қабылдайды. 160-180 теңгеге дейін көтеру керек. Сонда тиімді болады.
Федоров ауданындағы Чехов ауылының шет жағындағы алаңқайды сауын алаңы десе болады. Түс әлеті жергілікті тұрғындар шелек, ыдыстарын көтеріп, осы жерге келеді. Сүт қабылдаушылар да сол сәтте осы маңнан табылады. Дәл біз барған күні бәрі бірдей келісіп қойғандай 10 теңгеге көтеріп, литрін 130 теңгеден қабылдап жатыр екен.
Евгений Дмитриенко, сүт өңдейтін кәсіпорын жүргізушісі:
- Сүт қабылдаушылар көп. Бір қызығы, барлығында біркелкі баға. Алдында 110 теңге болды, сосын бәрі бір сәтте 10 теңге қосты, енді 130 теңге деп жариялады. Ал бұрын бәсеке болды ма білмеймін, жекелеген фирмалар 20-30 теңгеге дейін көтеріп жіберетін.
Сауынды үш сиыры бар Людмила Плохотник: «Жаз бойына сүттен түсетін табыс мардымсыз», - дейді. Сондықтан етке өткізетін төлдерін ғана қалдырып, сиырларды сатамын деп отыр.
Людмила Плохотник, ауыл тұрғыны:
- Бұл баға шығынды еш ақтамайды. Сиыр төрт-бес ай ғана сүт беріп, алты ай еш пайдасыз қорада тұрады. Қыс бойы жейтін азығы бар. Сүттің қазіргі құны жем-шөптің бағасын шығарып бере алмайды.
Жалпы Федоров ауданы бойынша ірі қара саны былтырға қарағанда мың басқа кеміген. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы оның себебін өткен жылғы қуаңшылықпен байланыстрады. Ал қазіргі сүт қабылдау бағасы көңілге қонымды деп отыр.
Әділбек Оразбаев, Федоров аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Бір отбасы үш сиыр ұстаса, бір сиырдың сүті сол үш сиырдың шөбіне, керек-жарағына кетеді. Екі сиырдың сүті өзіне пайда болады. 120 теңге, әрине, аздау. 1 маусымнан бастап 130 теңгеге көтерілсе, күзге дейін жақсы болады деп ойлаймын.
Биыл шөп шығымы жақсы. Алайда мамандар жанар-жағармай, техника құнын ескеріп, шөп бағасы былтырғыдан қымбат болуы мүмкін деген болжам айтады. Ал оның батпан салмағы тағы ауылдағы ағайынға түседі.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг