Алакөлге көлікпен жету биыл да мұңға айналмақ
Қазір елдің шығысында туристік маусым басталғалы тұр. Барлық демалыс базасы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Алайда шешілмей жатқан мәселе көп.
Үржардың жолы үрейді алады. Жаз сайын жөнделіп бітер деген Өскемен-Талдықорғанның 454 шақырымы әлі аяқталмады. Аяқталатын түрі де көрінбейді. Тіпті күн жылынғалы бергі 3-4 ай бойына мүлдем жұмыс жүрмеген.
Андрей Бортовой, көлік жүргізушісі:
- Семейден бері 6 сағат жүріп келемін. Көліктен көлік қалған жоқ, қашан жететінімді өзім де білмеймін.
Жауапты сала мамандарының уәжі белгілі. Құрылыс материалдары қымбаттап, жұмысты тоқыратып тастаған.
Дамир Сапарғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Жоспар бойынша биыл бұл жоба қолданысқа берілуі керек еді, бірақ елде жол құрылыс материалдары екі есе қымбаттап кеткендіктен, мердігер компанияның қауқары жетпей қалды. Енді бас мердігер компания субмердігер ұйымды тауып, жұмысты әрі қарай жалғастырмақ.
Сондықтан енді Алакөлде демаламын деушілер жайлы жетем десе, теміржол мен әуе жолына ғана үміт арта алады. Пойыз жүріп жатыр, ұшақ алдағы 10 күн ішінде қатынауы тиіс.
Қатонқарағай ауданында да туристік маусымға қызу әзірлік. Биыл 100 мың адам келеді деген болжам бар. Сондықтан ерекше демалыс орындарының қатары артуда. Мәселен, өлкеде жыл бойына жұмыс істейтін, таза ағаштан ғана тұрғызылған экобаза ашылды.
Ғани Шаймарданов, кәсіпкер:
- Алыстағы ағайынның бәрі осында елімізді, жерімізді көруге келеді. Бірақ біз сонша адамды күтіп алуға дайын емеспіз. Енді 12 ай жұмыс істейтін кешен саламыз.
«Жыл бойына жұмыс істейін кешендер көбейсе, бұл маңдағы жұмыссыздық мәселесі де шешілер еді», - дейді осында бригадир болып жүрген Болатбек Қайсанов. Айтуынша, туған өлкесінің тартымдылығына сөз жоқ, бірақ шешілмей жатқан түйін көп. Соның ең үлкені – интернеттің жоқтығы.
Болатбек Қайсанов, құрылыс бригадирі:
- WhatsApp-тан фото келсе, соны аша алмаймыз. Қағаз жүзінде бар шығар, бірақ іс жүзінде интернет әлі жоқ.
Аймақ басшысының айтуынша, ауданда өткен жылы 11 елді мекенге ұялы байланыс орнатылған. Бұл жұмыс биыл да жалғасып, кемшін тұстар ескерілмек. Ал жол бойынша Берелге және Рахман бұлақтарына қатысты ондаған шақырым жөнделеді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов