Сырдария өзенінің бойында орналасқан төрт ауданда ағын су тапшы
Себебі Сырдария өзенінің бойында орналасқан төрт ауданда ағын су тапшы. Диқандардың айтуынша, суға жауапты министрлік өкілдері «Көксарай» реттегішіне су жібермей қойған. Ал «Шардара» су қоймасына жиналған суды Сырдария арқылы Қызылорда облысына айдап жатыр», – дейді ашынған шаруалар.
Бұл – ағын су тапшылығынан қиындық көрген Арыс, Шардара, Отырар және Жетісай ауданының шаруалары. Тіршілік нәрінен тарыққандар: «Жауапты министрлік пен Су ресурстары комитеті Сырдария өзеніндегі суды солайымен Қызылорда облысына жіберіп, бізді сусыз қалдырды», – дейді. Ашынған шаруалар биыл суға жауаптылар «Көксарай» су реттегішіне бір тамшы су да жібермегенін айтады.
Жасан Сақ, шаруа:
- Көксарайға су жіберілетін болса, осыдан 10 мың гектар жер су ішеді. Солардың көбі қазір егіп алып, шығынға батып отыр. Қазір су ала алмастан қор болып, диқандар жылап келуде. Істеген еңбегіміз далада қала ма, осыны қалай шешеміз деп алаңдаулы. Шешу үшін жоғарғы жаққа қарап отырмыз.
Жалпы Түркістан облысында 222 мың гектар суармалы жер бар. Соның 126 мыңы суды осы Сырдариядан алады. Жетісайлық Набаткүл Байтанаева ұсақ шаруалардан құралған кооперативке жетекшілік етеді. 369 гектар алқапқа мақта дақылын еккен. Былтыр шілде, тамыз айларында Маш каналы арқылы Сырдан су ала алмағанын айтады.
Набаткүл Байтанаева, қожалық төрағасы:
- Қызылорда облысына 300 мың текше метр су жіберілсін. Қалғаны Шардараға жиналып тұрсын дедік. Неге десеңіз, жазда бізге су керек қой. Қазір барлық су дарияға кетіп жатыр. Енді 20 күнде бізге су керек кезде таусылып қалайын деп отыр. Біз сосын байбалам салып отырмыз.
Сырдария өзеніндегі суды бөлуге қатысты дау өткен жылдан бері ушығып тұр. Осыған байланысты өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің ұсынысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде арнайы комиссия құрылып, топ мүшелері өткен айдың соңында Арысқа келген болатын. Шаруалармен кездесіп, мәселемен танысты. Ауыл шаруашылығына жауапты жергілікті басшылар өңірдегі жағдайдың қаншалықты өзекті екенін комиссия мүшелеріне түсіндірді.
Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Біз өткенде Шардараға келген кезде айтқанбыз. Шардара су қоймасы 4,2 млрд болды. Көксарайға жинаңыздар, тасиды дедік. Бұл кісілер артық су бар кезде суғарып алсын дедік. Берген жоқ. Екі күннің ішінде амал жоқ, 120 кубқа көтерді. Шардарадан төменге қарай 1 млрд су ысырапқа кетті. Сол суды ұстап қалғанда қазір Көксарайда 1 млрд 25 млн текше метр су тұратын еді.
Кездесуде шаруалар Су ресурстары комитетінің Су объектілерін пайдалану және дамыту басқармасының басшысы Еділ Әбдірайымовқа жанайқайын тиісті министрлікке жеткізуді өтінді.
Еділ Әбдірайымов, Су ресурстары комитеті Су объектілерін пайдалану және дамыту басқармасының басшысы:
- Жиналыста айтылған мәселелердің бәрін хатқа түсірдік. Сол хатты министрдің қарауына енгіземіз. Келесі апта су мәселесін дұрыс пайдаланып, дұрыс бөлу бойынша шешім қабылануы тиіс.
Алайда комиссия төрағасы мәселені бір аптада шешеміз деп уәде бергенімен, одан бері жарты ай өтті. Елордаға қарап елеңдеген шаруалар «еститін» Үкіметтен үміт күтеді. Болмаса, Президентке хат жазамыз деп бекініп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов