Жетісу облысында қант тапшылығы қатты байқалып отыр
Мәселен, Талдықорған қаласының тұрғындары тұрақтандыру орындағы арзан бағамен босатылатын қантты алу үшін түнгі 02:00-ден бастап кезекке тұруға мәжбүр. Оның өзі аптасына үш рет шығарылады және әр адамға екі келіден артық сатылмайды. Сол себепті қала тұрғындары коммуналдық базарға бала-шағасы мен немере-шөберелеріне дейін шұбыртып ертіп келуге мәжбүр.
Талдықорғандағы коммуналдық базарда сатылатын әлеуметтік тауар түрлерін үлгеріп алып қалу үшін тұрғындар осылайша ұзын-сонар кезекке тұрады. Онда сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорындағы тауарлар шығарылады. Ерте бармаса, төмендетілген бағамен сатылатын тауарлар тез таусылып қалады. Оның соңы дау-дамайға ұласады.
Құралай Ақбаева, қала тұрғыны:
- Сол қанттың жоқтығынан, міне, біз қазір қанша қыруар халық тұрмыз. Түнгі сағат 02:00-ден бастап кезекке тұрамыз. Өзім жалғызбасты анамын. Алатын зейнетақым – 59 мың теңге. Ал енді қантыңыз 220 теңгеден басталып, 300-310-ға дейін кетті. Мына әкімшілік қайда қарап отыр? Неге мынаны реттемейді?
Гүлбану Құрмашева, қала тұрғыны:
- «Дефицит болмайды», – деді. Қант жеткілікті, дүрлікпеңдер!», - деді. Енді мынаусы несі? Мынау бір сұмдық қой!
Бақзор Бітібаева, қала тұрғыны:
- Иә, мына жерге бес баламен келіп тұрмын. Қант алып, ұн алу үшін бүкіл балаларымды түгел шөберелеріме дейін алып келдім. Енді бәріне де тамақ керек қой. Міне, кезек қырғын болып жатыр.
«Бұл адамдар балаларымен бірге базарда неғып ұбап-шұбап жүр?» десеңіздер, қант кісі басына екі келіден ғана сатылуда. Қолыңызда өз құжатыңызбен қоса, балаларыңыздың да метркесі болуы шарт. Онсыз екі келіден артық берілмейді. «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағылар өңірдің тұрақтандыру қорында 2 мың тонна өнім бар екенін айтты. Соның 1,5 мың тоннасы – жұрт зәру болып отырған қант.
Бақтияр Сембеков, «Жетісу» ӘКК департамент директоры:
- Тұрақтандыру қорының қоймасына өтініммен келіп отырады. Негізі басым бөлігі – Ақсу қант зауытында. Жыл басынан бері 650 тоннадай қант жеткізілді.
Корпорациядағылардың айтуынша, сәуір айында «Көксу» қант зауыты мен ірі 3 сауда желісінің арасында үшжақты меморандумға қол қойылған. Сол келісімге сәйкес аталған кәсіпорын оларды тамыз айына дейін 2 мың тонна қантпен қамтамасыз етуі тиіс еді. Алайда сауда үйлеріне жеткізілген өнімді жұрт 1-2 сағаттың ішінде талап алып кетіп жатыр. Ондағы қант бағасы – 435 теңге. «Көксу» қант зауыты басшыларының телефонына қоңырау шалып та, хабарлама жазып та көрдік. Ұстатпады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев