Түркістан облысында тұрғындар қалаған жеріне заңсыз үй салуын тоқтатар емес
Мәселен, Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылдық округінде мыңнан астам тұрғын үй құжатсыз салынған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге баспана салуға тыйым салынған. «Бірақ жұрт оған құлақ аспай отыр», – дейді жергілікті билік өкілдері.
Қарабұлақ ауылының тұрғыны Сабыржан Халманов қолында бірде-бір құжаты болмаса да баспана салып жатыр. Жер телімі үй салуға арналмағанын жақсы біледі. Әкімдік тарапынан ескертілген. Бірақ құлақ аспапты. Себебі қолында 4 ұлы мен 4 келіні бар. Тым болмағанда екі отбасын бөлек шығаруды көздеп отыр.
Сабыржан Халманов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
- Әкімшіліктен сұрасақ, жер бермейді, ақша бермейді. Бәрібір салуымыз керек қой, өмір сүруіміз керек. Күн көру керек. Қарапайым халық неғыламыз, өмір сүрмей кетеміз бе? Сол үшін үй соғып жатырмыз. Басқа амал жоқ.
Әбдішүкір Әбдәзімов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
- Құжатсыз сатып алынған. Көпшілік істеген нәрсені жасаймыз, менікіндей 100-150 үй тұр.
60 мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақта мыңнан аса үй осылай басып алу әдісімен салынған. Тіпті жергілікті халық құрылыстың заңсыз екенін біле тұра, баспана салуды жалғастырып жатыр. Оны тоқтатуға жергілікті биліктің де, құзырлы органдардың да шамасы жетер емес. Ауыл әкімі тұрғындар «құрылысты тоқтат» деген ескертуді елемей, бір түнде үйдің іргетасын құйып, қабырғасын қалап үлгеретінін айтады.
Камилжон Абдилахатов, Қарабұлақ ауылының әкімі:
- Іргетасын қалап қойған болса, таңертең келіп көрсеңіз, қалыптарын құйып қойған болады. Тіпті таңертеңге дейін кірпішін қалап шығып жатқан отбасылар да бар. Өйткені біз үлгере алмай қаламыз. Түнде оларды тоқтату мүмкіншілігі жоқ. Біз жұмыс уақытынан тыс кезде, яғни түнде келе алмаймыз.
Ресми дерек бойынша Қарабұлақ ауылдық округінде 7 мыңнан астам адам жердің кезегінде тұр. Соңғы 10 жылдан бері ешкімге жер телімі берілмеген. Алайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге халық үй салып алған. Енді оның құжатын әзірлеу де оңайға соқпайын деп тұр.
Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:
- Тек қана сот арқылы меншік иесін таниды немесе жерді кадастр бағасымен Үкіметтен алгоритмге сәйкес сатып алады. Сатып алуға көбісі көнбей жатыр.
Ауылда заңсыз салынған мыңнан аса үйдің тек 28-іне құжат рәсімделген. Өзгелері қаралу үстінде. Тұрғын үйден бөлек, тағы 28 кәсіпкерлік нысан өзге бір шаруа қожалықтың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жеріне салынып кеткен. Қазір оларды бұзу бойынша істің сотқа жеткені белгілі болды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов