СҚО-ның Имантау – Шалқар курорттық аймағындағы жол сапасы сын көтермейді
Соңғы жылдары кәсіпкерлер заманауи демалыс орындарын салып, туристерге барынша жағдай жасап жатыр. Бірақ ол жерлерге жету оңай емес. Жол жөнделмеген.
Ләззат Салықова өмір бойы журналист болып жұмыс істеген. Зейнетке шыққан соң, баласымен бірге Шалқар көлінің жағасынан демалыс орнын ашты. «Шығармашылық адамы болған соң, қоршаған ортаға зиян тигізбей, бәрін табиғатпен үйлестіріп жасадық», – дейді ол. Ал көлдің өз қасиеті бар.
Ләззат Салықова, демалыс орнының директоры:
- Көкшетау өлкесіндегі 80 көлдің ішінде Шалқар – өздігімен тазаруын жоғалтпаған жалғыз су айдыны. Суы тұзды әрі минералмен құнарланған. Табиғи бұлақтар да өте көп. Сондықтан көбі демалу үшін ғана емес, емделуге де келеді.
Имантау – Шалқар курорттық аймағы бір күнде 3,5 мың адамды қабылдай алады. Соңғы жылдары туристік бәсеке пайда болып, кәсіпкерлер қысы - жазы жұмыс істеуге бет бұрып жатыр.
Марина Корнилова, кәсіпкер:
- Ашығын айтқанда, қысқы маусымға адамдардың сұрауы бойынша ауыстық. Бәрі отбасыларымен бірге келіп демалады. Сондықтан жыл он екі ай жұмыс істейміз деп шештік.
Ал бұл – бұрынғы «Шалқар су» шипажайы. Туристік нысан көп жылдан бері қаңырап бос тұрған. 2019 жылы оған инвестор табылып, емдеу орны қайтадан қалпына келтіріліп жатыр. Бірақ жұмыс тым баяу.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Шалқар – Имантау курорттық аймағындағы өзекті мәселелердің бірі – жол. Демалыс орындарына апаратын жолдың жағдайы сын көтермейді. Бір қызығы, бұл мәселені жергілікті билік өкілдері жылдар бойы шеше алмай келеді.
Курорттық аймақтың 18 шақырымға жуық жолы «Көкшетау» ұлттық паркіне қарайды. Сондықтан жергілікті билік өкілдері оған бюджеттен қаржы бөле алмайды. Су мен жарық мәселе де шешілей тұр.
Аманбек Махметов, Айыртау аудандық Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:
- Имантау – Шалқар курорттық аймағының жолдарына 19 жолды енгізгенбіз. Оның ішінде 3 жол 100% орындалды. Қалғандары сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, әлі де 2-3 жылдың аймағында бүкіл кешенді жоспарда белгіленген істер іске асады.
Биыл Имантау – Шалқар аймағында 13 туристік нысан ашылады. Қазір жергілікті билік өкілдері тағы 40-тан аса жер телімін жалға беру жағын қарастырып жатыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев