Атырау облысында су тапшы
Мысалы, бір ғана Мақат ауданы жылына 1,5 млн текше метр су тұтынады. Оның басым бөлігі маусым-қыркүйек айларына тұспа-тұс келеді. Су тапшылығын алдын алу үшін жергілікті билік қосымша су жинайтын қазандар қойып, амалдап келеді. Келешекте Ресейден келетін «Астрахань-Маңғыстау» магистралді су құбырына қосылу ойда бар. Бірақ ол жобаның құрылысы әзірге басталған жоқ.
«Атырау су арнасы» АҚ – ауданды ауызсумен қамтып отырған жалғыз мекеме. Ол 6 елді мекеннің малы мен жанына қала берді өндірісіне қажетті суды таратып береді. Мұндағы 4 су сорғысы кезекпен жұмыс істеп тұр. Қазір тәулігіне 2800-3000 текше метр су беріледі. Бұл әзірге тұрғын үйлер мен мекемелерді қамтуға жетіп тұр. Одан бөлек өндіріс орындары да бар.
Мәлік Көшімбетов, сумен қамту мекемесінің шебері:
- Бізде қыстақтар жоқ. Олар алса, су азаяды. Қазір кен орындарына су таситын көлік арқылы жеткізіледі. Таңертең 18 тонна «КамАЗ» автокөлігі алып кетті. Жаңадан екі 60 пәтерлік үй салып жатыр. Қасында тағы біреу бар, оған да су керек.
Мақат ауданы бойынша 90 шақырымға жуық су құбыры бар. Тұрғындардың суға деген қажетін өтеу үшін 4 жерге әрқайсысының сыйымдылығы 2-5 мың текше метрлік су қазандары қойылған. Оларға жиналған су сорғылар арқылы тұтынушыға жіберіледі. Соның өзінде қазіргідей аптап ыстықта құбыр қысымы төмендеп кетеді. Тығырықтан шығу үшін қосымша тағы 3 мың текше метрлік екі су қазанының құрылысы қолға алыныпты.
Темірбек Іңірбай, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Мал суарылады, жеміс-жидек ағаштарға да су керек. Бізде сондай шығындар болып жатыр. Судың деңгейі қазір бізде 2,5 атмосфера қысымда тұрса, «Атырау су арнасына» тапсырма берген болатынбыз.
Су тапшылығы жыл санап қарқын алып келе жатқан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтіні даусыз. Сондықтан бар үміт жаңа магистриал құрылысында. «Астрахан-Маңғыстау» магистралді су құбырын қайта жарақтандыру жобасы қолға алынғалы 4 жылдан асты. Бірақ әзірге ол тек жоба жүзінде тұр. Құбыр іске қосылса, Мақат емес, тағы төрт ауданның суға қатысты мәселесі шешілер еді. Себебі қазір Атыраудан тартылған құбырға екі ірі зауыт пен ондаған кәсіпорын ортақтасып отыр. Ал оның қиындығын қарапайым шаруалар тартуда.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов