Талдықорғанда егілуі тиіс 350 мың гүлдің жетіден бір бөлігі ғана отырғызылған
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Тапсырыс беруші мен мердігер компанияның арасындағы келісімшарт бойынша биыл қалаға 350 мың түп гүл отырғызылуы тиіс еді. Қоғам белсендісі мен еріктілер екі күн бойы қанша гүл отырғызылғанын санап көрді. Олардың есебінше, қазір Талдықорғанда 51 180 гүл өсіп тұр. Бұл келісімшарттағыдан 5 есе аз. Неге бұлай болды?
Көктемде Жетісу облысының орталығындағы Назарбаев, Желтоқсан көшелерінің бойы мен әкімдік ғимаратының және «Жеңіс» саябағының алдындағы жалпы аумағы 11 мың шаршы метр жерге гүл егілді. «Мердігер оның әр шаршы метріне 40 түптен гүл отырғызуы керек еді. Өкініштісі, олай болмай тұр», – дейді қоғам белсендісі.
Сандуғаш Дүйсенова, қоғам белсендісі, волонтёр:
- Қаланың түрі мынау. Таздың басы сияқты, гүлдер шоқиып-шоқиып тұр ғой. Сондықтан бұл жайында мен журналистік зерттеу жасадым. Келісімшарт бойынша 1 шаршы метрге 40 гүл егу керек екен. Көзбен-ақ көрініп тұр ғой, 40 гүл жоқ екендігі.
Мердігер сәуір айында Талдықорғанға Қаскелеңдегі жылыжайлардың бірінен 350 мың түпке жуық гүл әкеліп отырғызғанын айтты. Оның айтуынша, волонтерлер гүлдерді атүсті санаған. Дұрыс өспей қалатынын, зиянкестер жеп қоятынын есепке алмаған.
Арман Зейноллаұлы, мердігер:
- Бұларды құмырсқа жейді. Содан кейін бұл өсімдік қой, өседі, ыстықта өлетіні бар. Одан кейін бізде ешқандай заңбұзушылық жоқ. Өйткені біз сол 350 мың гүлді келісімшарт біткенше себуіміз керек. Мысалы өледі, өлген өсімдіктердің орнына қайтадан күзге дейін егіп отырамыз.
Есепке жүгінсек, қоғам белсендісі санап шыққан 51 180 гүлдің әр талы қала бюджеті үшін 429 теңгеден шыққан. «Еккені – шырайгүл мен барқытгүл сияқты арзан гүлдер. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды», – дейді қоғам белсендісі.
Сандуғаш Дүйсенова, қоғам белсендісі, волонтёр:
- Күлкілі жағдай болып тұр. Мұнымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі айналысу керек сияқты. Өйткені бейберекет шашып жататын ақша жоқ. Бүгінге дейін бұларды біз сияқты ешкім санап, тексермеген. Біз халық ретінде мұны қадағалауға міндеттіміз.
Келісімшарт бойынша мердігер гүлдерді отырғызып қана қоймай, оны қазан айының ортасына дейін күтіп-баптауға міндетті. Бірақ тендерді ұтып алған азамат гүлдің әр түбін жылыжайдан қанша теңгеден сатып алатынын жария етпеді. Айтуынша, ол – коммерциялық құпия.
Арман Зейноллаұлы, мердігер:
- Гүлді нешеден сатып алатынымды айта алмаймын, ол – коммерциялық құпия. Мен бір жерден 5 мың теңгеден, басқа жерден 10 мың теңгеден аламын. Алғанымызға байланысты. Толық төлеген жоқ, шамамен 60% төледі.
Рамиль Рахымбаев, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
- Келісімшарт бойынша бұл жобаның жалпы құны – 20 млн 535 мың теңге. Бүгінде соның 19 млн теңгесі игерілді. Техникалық сипаттамаға сәйкес өсіп, өнбей қалған гүлдерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Тапсырыш беруші Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіндегілер қала көшелерін гүлдендіруге қажетті қаржының мердігерге толық бөлінгенін және бұл мәселенің күнделікті мониторингпен жіті қадағаланатынын айтты. Сонда кім кімді алдап отыр? Түсініксіз...
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев