Ақтау – Ақтөбе бағытындағы пойыздың жағдайына жолаушылардың көңілі толмайды
Айтуларынша, вагондар ескірген. Аптап ыстық кезінде, салқындатқыш қойылмаған. Тұрғындардың шағымын көліктік инспекциясы назарға алып, рейд жасады.
Маңғыстау-Ақтөбе бағыты жолаушыларының айтары бір. Вагонның жағдайы санитарлық талапқа сай емес. Салқындатқыш болмағандықтан, терезе ашуға тура келеді. Алайда шаң ішке кіреді. Мұны жолсеріктер де растап отыр.
Маржан Мұсаева, жолсерік:
- Вагондар өте ескі. Біз халықтан сөз естиміз. Жағдай жасалмаған. Жалпы пойыз бойынша 2 вагонда 2 салқындатқыш бар.
Көліктік инспекция мамандарының айтуынша, осы бағыт бойынша халықтан шағым жиі түседі. Бұған дейін 8 рет тексеру жүргізілген. 50 мыңнан астам айыппұл салынған. Алайда олқылықтар дұрысталмай келеді.
Қуандық Аяпов, Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің бас маманы:
- Тексеріс барысында он заңбұзушылық анықталып, өрт сөндіру құрылғыларының істен шығуы, датчиктердің жасамайтыны белгілі болды. «Отпан» логистик заңды тұлғасына ҚР Әкімшілік кодекстің 571-бабы 4-тармағымен хаттама толтырамыз.
Ал компания өкілі мұндай олқылықтардың бар екенін жасырмайды. Вагонды жаңарту үшін мемлекеттік қолдау керектігін айтады.
Алдағы уақытта Маңғыстау – Ақтөбе бағытында 40 вагон алу жоспарланған. «Бұл мақсатта 50 млн доллардай қаражат керек», - дейді компания өкілдері. Оған дейін жолаушыларға амалдай тұруға тура келеді.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев