Ақтөбеліктер Қурайлы ауылына бару үшін теміржолды кесіп өтуге мәжбүр
Әлеуметтік және өзге де маңызды нысандары бар жанындағы Қурайлы ауылына бару үшін теміржолды кесіп өтуге мәжбүр. Жергілікті жұрттың өткел салып беруді сұрағанына бірнеше жылдан асқан. Бірақ жауапты мекемелер тарапынан әзірге нақты іс болмай тұр.
Анастасия Артықбаева бұл теміржолды бала күнінен бері кесіп өтіп жүр. Себебі өзі тұратын шағын ауылда қажетті нысандар болмаған соң, арғы беттегі елді мекеннің балабақшасы, мектебі, тіпті дүкеніне де қатынап өсті. Жас кезінде өз өмірі үшін қорқыныш аса сезілмегенімен, қазір балалары үшін алаңдайды. Өйткені олар да көрші Қурайлыға қатынап оқиды. Ал жолдан өту өте қауіпті.
Анастасия Артықбаева, Қурайлы станциясының тұрғыны:
- Бір бөлке нан үшін осы пойыздардың астымен өтіп, көрші ауылға барамыз. Бұған ешкім сенбейді. Бірақ бұл проблеманың шешілмей жатқанына біраз жыл болды. Адамдар үйл салып, қатарымыз көбейіп жатыр. Сондықтан осы мәселені де шешетін уақыт жетті емес пе?
Соңғы кездері мұнда жүк пойыздары апталап тұратын болған. Салдарынан тұрғындар вагондар арасынан өтеді. Ал шойын жолды айналып өту үшін үш шақырымдай жер жүру керек. Бұл негізінен қарттар мен мектеп жасындағы балаларға оңай емес.
Сәлима Қадыралина, Қурайлы станциясының тұрғыны:
- Пойыз 2-3 апталап тұрады. Соның астынан бүгіліп өту бізге оңай емес. Балалар да мектепке барады. Оларды да апару қиын. Мектептен кешігіп, қалып қояды.
Тұрғындардың мәселесі құзырлы органдарға талай жеткен. Олардың жалғыз арманы – теміржолдан қауіптенбей өту үшін өткелдің болуы. Алайда өтініш айтып келе жатқандарына бірнеше жыл болса да әзір сең қозғалмапты. Ауылдықтардың мәселесін Желілік полиция бөліміндегілер де көтеріп келеді.
Айтұрған Елеусізов, Ақтөбе станциясындағы Желілік полиция бөлімінің бөлімше бастығының м.а.:
- Айтса айтқандай, халықтың теміржол бетіне, мектепке өтуіне мүмкіндік жоқ. Ол жерде арнайы өткелдер орнатылмаған. Сол жөнінде олар өздерінің наразылықтарын білдірді. Облыс әкімдігіне Желілік полиция бөлімі атынан ұсыным хаттар жолдадық.
Мәселенің қай уақытта шешілері әзірге белгісіз. Жергілікті билік: «Бұл үшін ауқымды қаражат қажет», – дейді.
Навои Әмірбеков, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Ағымдағы жылы біз тек жобалық-сметалық құжаттама дайындауды жоспарлаудамыз. Жобамен 4-7 ай дайындалатын болса, мемлекеттік сараптамаға екі ай уақыт кететін болса, келесі жылдың бірінші немесе екінші тоқсанында оң нәтиже шыққаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жоспарланады.
Теміржол арқылы өткел салыну үшін алдымен бюджеттен қаражат сұралмақ. Содан кейін ғана құрылыс басталады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Тұрғындардың өтінішіне енді ғана құлақ түрген жауапты орган өкілдері: «Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін әлі уақыт қажет», – дейді. Ал жыл басынан бері теміржол маңайында төрт бірдей қайғылы оқиға орын алған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев