БҚО-да дәрігерлер тапшы
Облыс орталығына – 161, ал ауылдарға – 110 дәрігер қажет. Жалпы, жыл сайын өңірге 100 шақты маман келеді. Былтыр соның 42-і аудандарға жіберілді.
Дегенмен жас мамандардың шалғай ауылдарға барудан ат тонын ала қашатыны рас. Мәселен, облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Жәнібек аудандық ауруханасында кардиолог, невропатолог, окулист, лор, педиатр, онколог, анестезиолог және реаниматолог секілді мамандар жетіспейді.
Айнагүл Сұлтанова – перзентхана бөлімінің акушері. Аудандық ауруханада жұмыс келе жатқанына биыл 12 жыл.
«Туған ауылымда еңбек етіп жүрмін. Баспана мәселесі шешілді. Әзірге ешқайда көшу ойда жоқ. Жылына 200-дей бала дүние есігін ашады. Соның 60-шақтысының кіндігін өзім кесемін»,- дейді ол.
Талғат Серікқалиұлы, тілші:
- Бұл – бала күтіміне арналған шамамен 30 жыл бұрын сатып алынған ескі аппарат. Ал жақында аудандық ауруханаға су жаңа аппарат сатып алынған екен. Бұл қондырғы сіздердің қолыңызды қаншалықты ұзартады және атқаратын қызметі қандай?
Айнагүл Сұлтанова, аудандық аурухананың акушері:
- Бұл қондырғы шала туған балаларды салуға арналған. Температурасын бірқалыпты ұстап тұрады. Фототерапиясы бар, оған сарғаюға қарсы балаларды салады.
Өкініштісі сол, мамандардың бәрі Айнагүл секілді ауылда тұрақтамайды. Жәнібек ауданы облыс орталығынан 500 шақырым жерде. Жолы салынып біткен жоқ. Жоғарғы оқу орнын бітірген жас мамандар шалғай ауылға барғысы келмейді. Аудан әкімдігі аурухана басшылығымен бірлесіп, медицина университеттерін жағалап көрген. Бірақ нәтиже шамалы. Биыл ауданға жалғыз ғана маман келеді екен. Оның өзі де – жалпы тәжірибе дәрігері.
Сәуле Смағұлова, аудандық аурухананың директоры:
- Бізге 25 маман керек. Кардиолог, ЛОР, невропатолог, анестезиолог, рентгенологтар керек. Эндокринолог жоқ, онколог болып сол хирург маман 0,5 мөлшерлемемен жұмыс істейді.
Арман Қалибеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Анестезиолог-реаниматолог, хирургтар келуі үшін олар резидентура бітіруң керек. Оған 2-3 жыл керек. Олар 7 курс бітіріп, сосын резидентураға түсуі керек. Жалпы 10 жылдай уақыт кетеді.
Әзірге ауылға баратын жас мамандарға 1 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленеді. Баспанамен қамтылады. Біра, бұл да жеткіліксіз болып тұр.
Ләззат Абдулова, Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Көтермеақыны ауылға келетін мамандарға 2-3 есе көбейтсе жақсы болар еді. Келген мамандарды үймен қамтамасыз етіп отыр, ауданда ол жағынан қиыныдық жоқ. Бірақ сол келген адам 3 жыл емес, 5-6 жылға дейін қызмет етуге міндеттелсе, бәлкім, дәрігерлер де өңірімізге сіңісіп, жергілікті болып кетер ме еді деген ой бар.
Дәрігер тапшылығы түрлі аурудың көбеюіне әкеп соқтырады. Былтырғы жылмен салыстырғанда аймақта жалпы өлім көрсеткіші төмендеген. Қан айналымы жүйесі аурулары да азайыпты. Бірақ:
Арман Қалибеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- 2 жылды салыстырып қарағанда, жасарып жатқан ауру – инсульт. Біздерде инсульт орталығы бар, сол бөлімге бұрын түскен науқастардың жасы 60-тан жоғары болды. Қазіргі таңда 40-50 жастағы жерлестеріміз түсіп жатыр. Онкологияда да жастар арасында көбейіп жатыр.
Қазір еліміздің медициналық жоғарғы оқу орындарында БҚО-дан бөлінген оқу гранты есебінен 169 студент білім алып жатыр. Олардың алды 2024 жылы бітіреді. Соңғы 2 жылда резидентураға 75 адамға грант бөлінген. Облыстық көпбейінді аурухананың 19 дәрігері де резидентурада білімін ұштап жатыр. Сала мамандарының да ендігі бар үміті соларда.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов