Мемлекет басшысы министрлікке ақбөкендерді аулаудан басқа амал қарастыруды тапсырды
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлікке ақбөкендерді аулаудан басқа амал қарастыруды тапсырды.
Елдің батысын мекендейтін киіктердің саны жылдан жылға ұлғайып, өрісі де кеңейіп келеді. Сахара кербездері бұрын Бөкей Ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандарында жайылса, енді облыс орталығына жақын елді мекендерге де таяп қалған. Соңғы екі-үш жылда қуаңшылық салдарынан мал азығын жинай алмай әбігер болған шаруалар биыл да тығырыққа тірелеміз бе деп алаңдайды.
Бауыржан Сабанов, шаруа қожалығының басшысы:
- Халық киікке қарсы емес. Тек санын азайту керек. Уақыты келді деп ойлаймын. Ауданда жұрттың бәрі мал шаруашылығымен айналысамыз деп кредитте отыр. Мал азығы жоқ, бұл – үлкен проблема.
Ресми мәлімет бойынша, биыл Орал популяциясына жататын киіктердің саны 800 мыңнан асқан. Шаруалар жайылым мен шабындықты сақтап қалу үшін күні-түні ашатұяқтыларды қуып әлек. Бұл тұста жергілікті сарапшылар мұндай келеңсіздікке әкімдіктерді кінәлап отыр. Айтуларынша, ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу және күре жолдар салу кезінде жабайы жануарлар миграциясы ескерілмеген.
Нұрлыбек Рахман, сарапшы:
- Фермерлердің бәрі өзен-көлдердің маңын мекендеген. Су іздеген киіктер амалсыздан сол жерге барады. Сондықтан жасанды суат мәселесі киікті көбейтпес бұрын шешілуі тиіс еді. Кезіндегі киіктердің мекені де шаруаларға ретсіз таратылған. Ал жоғарыдағы жауапты орындар бұдан хабарсыз. Ал сол жерді үлестіріп берген аудан әкімдіктері фермерлерді қолдап, бүкіл кінәні киікке аударып жатыр.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент киік мәселесіне ерекше тоқталды. Ол Жайық өңіріндегі ақбөкендердің 10%-ін ату туралы ұсынысты құптамайтынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұның бәрін қоғамдық талқылау деңгейіне жеткізудің қажеті қанша? Шынымен, киік – қазақ үшін киелі жануар. 80 мың киікті табиғи ландшафттан шығару, яғни қыру туралы ұсыныс айтылып жатыр. Әрине, осы шараға да жүгінуіміз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Әйткенмен бұл – шарасыздықтың амалы ғой. Сарапшылармен кеңесіңіз. Өзге де әдістер бар көрінеді. Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда қарау керек.
Табиғат жанашырлары да киіктерді аулайтын уақыт әлі келмегенін айтады. «Дала антилопасының санын әуелі кемінде 2-3 млн басқа дейін жеткізу қажет. Ал ол үшін тез арада кешенді шаралар жоспарына кірісу керек», - дейді олар.
Сәкен Ділдахмет, эколог:
- Жағдайды реттеу үшін екі мәселені шешу керек. Алдымен, ақбөкендерді түрлі індеттен сақтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Әйтпесе он шақты жыл бұрынғы киік қырғыны қайталануы мүмкін. Екіншіден, жабайы жануарлардың байырғы миграциясын қалпына келтіруіміз қажет. Ал ол үшін шаруалармен ортақ ымыраға келу керек. Киіктерді ату туралы ұсыныс тек біржақты қаралған.
Киіктердің келешегіне қатысты қоғамда пікірталас туындап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, енді министрлік ұтымды әрі ортақ шешім қабылдауы тиіс.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Елдар Аюпов