Ұлытау облысының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті бекітілді
Ал шығыстар үлесі 95 млрд теңгеден сәл асады. Аталған қаржы енді ғана бой көтеріп отырған облыстың қай салаларына бағытталады. Бұл туралы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы арнайы өткен брифинг барысында нақтылап айтып берген болатын.
2022 жылға арналған облыс бюджетінің кіріс бөлігі қосымша түсімдермен бірге 29,8 млрд теңге болды. Аудандар мен қалалардан түсетін трансферттер 13,8 млрд теңге. Осылайша, бюджеттің барлық түсімі 43,7 млрд теңгеге тең. Облыс әкімі бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі болатынын ескертті.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
- Бірінші кезекте қаражатты осы өңірдегі өзекті мәселелерге бөліп отырмыз. Ең бастысы – жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын тоқтатпау. Сонымен қатар денсаулық саласына көңіл бөліп жатырмыз. Онкологиялық диспансерді бөлек құру туралы шешім қабылдадық. Бұрын жоспар бойынша ауруханадағы бір бөлімі ғана болатын.
Облыстық бюджеттің шығыстары 30,8 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бұл қаражаттың 82,8% ағымдағы шығыстарға, яғни бірінші кезекте жалақы, стипендиялар, мемлекеттік мекемелерді, мектептерді, мәдениет, денсаулық сақтау объектілерін ұстауға бағытталады.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
- Тек білім саласындағы 150-ден астам нысан бізге ауысып жатыр. Олар: мектептер мен балабақшалар. Қазір біз оларды қабылдап жатырмыз. Колледждер бар. Олардың қаражаты да солай келді. Денсаулық саласы, бүкіл облыстық деңгейдегі мекемелер ауысты. Олардың бюджеті, айлығы, істеліп жатқан жұмыстарымен қоса ауысып келді.
Облыс аумағында «Қазақмыс» компаниялар тобының 9 кәсіпорнын қайта тіркеуге байланысты бюджет кірісіне қосымша тағы 8,2 млрд теңге түседі. Осы жылдың басынан бастап Қарағанды облысының бюджеті есебінен қаржыландырылған жобаларға жұмсалатын шығындар Ұлытау облысының бюджетінде бекітілгенін атап өту керек. «Яғни басталған шаралар аяқсыз қалмайды», – дейді өңір басшысы.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпхар