Алакөл мен Балқаш жағалауында қауіпсіздік күшейтілді
Туристер әсіресе Алакөл мен Балқашқа ағылады. Сондықтан көл жағалауында кезекшілік күшейтілген.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Алакөлдегі құтқарушылар таңғы 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін төрт қайықпен кезекшілік етеді. Сенбі, жексенбі күндері оған бесінші қайық қосылады. Өйткені ол күндері адам көп келеді. Биылғы шомылу маусымы кезінде мұнда бірде-бір адам суға кетпеген. Құтқарушылар алты ересек адам мен 10 баланы құтқарып алыпты.
Марат Смағұлов, Алакөл құтқару бөлімшесінің бастығы:
- Осы құтқарушылардың арқасында суға батып кету дерегі тіркелген жоқ. Сегіз адам кезекшілікке шығады. Қасымыздағы Көктұма ауылында балалар лагері бар. Соның бәрін қамтамасыз етіп отырмыз.
Алакөл құтқару бөлімшесінде 13 адам қызмет етеді. Оның біреуі – медбике. Қалғаны – құтқарушы. Жазғы шомылу маусымы кезінде Алакөлге адамдар лек-легімен ағылады. Сондықтан Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінен үш адам көмекке келген. Олар мұнда 3 ай бойы үздіксіз қызмет етеді.
Ерлан Мыңбаев, Талдықорған өңірлік құтқару жасағының бас құтқарушысы:
- Кішкентай балалардың жоғалуы көп болады. Ата-аналардан кішкентай балаларына қарауын сұраймыз. Матраспен алысқа кетіп қалып қалады. Толқын жел соққан күндері көлдің ортасына алып кетеді. Осы біздің кезекшілік кезінде 3-4 рет сондай жағдай болды.
Алакөлдің суы дертке дауа, жанға шипа болғанымен, демалушылардың көл жағасындағы қызмет сапасына көңілі толыңқырамайды.
Ибагүл Бибекова, Демалушы:
- Суы жақсы, шипалы. Соны аңсап келеміз. Кейде дұрыс демалатын жерлері де болмай қалады. Міне, жар-жардың жанында кішкене қоқыс бар. Соның бәрін жинастыру керек. Мына жерде дәретхана деп тұр. Оның қай жерде екенін білмейміз. Осы жақтарын дамыту керек.
Гүлмира Қалибекқызы, демалушы:
- Көрші пансионатта өрт болды. Өрт сөндірушілер келді. Бірақ бірден емес, шамамен 15-20 минут өткен соң ғана келді. Құтқарушылар әр ауылда болса, дұрыс болатын еді.
Демалушының айтқысы келгені, Көктұмада өрт сөндіру бөлімі жоқ. Оқыс оқиға бола қалса, Ақши ауылында орналасқан өрт сөндірушілердің онда жетуі үшін жарты сағаттай уақыт кетеді.
Марат Смағұлов, Алакөл құтқару бөлімшесінің бастығы:
- Жете алмады деп айта алмаймын. Уақытында жеттік. Өрт сөндірушілермен бірге өзім де бардым. Алты адамымен екі экипаж. Енді Көктұмаға мына жолмен айналып барғанның өзі сол уақытты алады.
Көктұмаға жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру посты қойылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өрт сөндіру бөлімінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленегенін айтты. Қаржы бөлінсе, бөлімше ашылып, жұмыс істей бастайды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев