Қостанайлық диқандар егін оруға кірісті
Тобыл өңірінде бұрын-соңды жаз ортасында егінге орақ түспеген. Ағайынды Сергей мен Дмитрий Гертнер қыстық бидайды қамбаға түсіру үстінде. Ауыл шаруашылығымен жиырма жылдай айналысатын олар бастапқыда дақылдың бұл түрін тәжірибе ретінде егіп көрді. Бірақ нәтижесі күткеннен асып түсті.
Сергей Гертнер, шаруа:
- Мұндай қадамға мәжбүрлі түрде бардық. Себебі біздің өңірде соңғы жылдары құрғақшылық белең ала бастады. Көктемде еккен егіннен қайыр болмайтын. Әрине, қыстық бидай тұқымдарын пайдалануда ғылымға сүйендік. Тың технологиялар пайдаландық. Әр учаскеден мың жарымнан аса топырақ сынамасы алынды. Бұл дақыл сан түрлі ауруға бейім. Дегенмен қыста қажет ылғал мөлшерін сіңіріп алды.
Қыстық бидай екі мың гектар жерден жиналады. «Түсімі гектарынан 20 центнерге жетуі тиіс», – деп болжайды диқандар. Егер мамыр айында жаңбыр жауғанда бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін еді.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
- Қыста қар астында өсетін бұл бидай түрі өте жақсы өседі. Жазғы дақылдарға қарағанда 2-3 есе көп өнім береді. Құрғақшылыққа төзімді болған соң, сәйкесінше ылғалды да көп қажет етпейді. Мысалы, бұл егіс алқабына соңғы жаңбыр, тіпті алғашқы жаңбыр осы шілде айының ортасында жауған. Соған қарамастан, масақтары ұзын әрі орақ науқанына дайын.
Жалпы Арқалықта қыстық бидай алқаптарын 10 мың гектарға дейін ұлғайту жоспары бар. Алайда құнарлы жер табу оңай емес. Одан қалды климаттық ерекшеліктерді де назардан шығаруға болмайды.
Руслан Құлетов, Арқалық қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Мамандардың айтуынша, қыстық бидайға көшіп кетуге болмайды. Себебі оның кейде шықпай қалуы қаупі бар. Сол кезде күн жылынып кетіп, түскен қар еріп кететін жағдай болса, бұл жер бетіне көктеп шығып кетуі де ғажап емес. Сондықтан бұл – үлкен тәуекелді қажет ететін іс-шара.
Ал жазғы бидайды жаппай ору науқаны 20 тамызда басталады. Биыл арқалықтық шаруалар 230 мың гектардан өнім жинап алуды көздеп отыр.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг