«Іле Алатауы» ұлттық паркі аумағынан тонналаған қоқыс шығарылды
Соңғы жылдары тау бөктерінде демалыс ұйымдастыратындардың саны 1,5 есеге артқан. Мысалы, өткен жылы ұлттық паркке келгендер қатары 460 мыңнан астам болса, биылғы жарты жылдың өзінде туристер саны 350 мыңнан асқан. Әңгіме жоқ. Отандық туризм дамып жатыр. Тек әттеген-ай, әлгі демалуға келген адамдардың көбі қоқыстарын жинамай, тайып тұрады.
«Іле Алатауы» паркіндегі туристер саны артатын жазғы маусымда арнайы экологиялық десанттың жұмысы да қарбалас болады. 32 адамнан тұратын топ күнделікті 25 шақырым қашықтықты бағындырып, келушілерден қалған қоқысты жинайды. Қазір тәулік сайын парк аумағынан 2 тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылады.
Жансая Ауталип, «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі уақытта көптеген бізге қоғамдық ұйымдар, мекемелер және еріктілер өздері бірінші болып бізге ұсыныс тастайды, осындай акция өткізсек қалай болады деп. Осы шара бізде атқарылып тұрады. 225 контейнер орнатылған. Осыған қосымша Ұлттық парк өз күшімен 50-ге жуық арнайы контейнерлерді орнатып жатыр. Ал 100-ге жуығы жасалу үстінде.
Парк қызметкерлері туристерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Табиғатты ластағандар әкімшілік жауапқа тартылады. Нақтырақ айтсақ, қорғалатын аумақты ластағандарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал от жаққандарға 300 мың теңгеден астам айыппұл түрінде әкімшілік жаза қарастырылған. Ірі көлемді өрт шығып, орманға аса ауыр зиян келтіргендер қылмыстық жауапқа тартылады. Осындай қатаң шараның нәтижесінде саяхатшылардың да жауапкершілігі артқан.
Ерік Шыныбеков, саяхатшы:
- Адамдардың көп демалатын орны – ол көлді немесе таулы жерлер. Сол жерлерде қоқыс барын білетін болсақ, әрине, жинауға атсалысамыз. Елімізді, жерімізді таза күйінде болашақ ұрпаққа қалдыру үшін сол қоқысты жинау акциясын ұйымдастырамыз.
Гүлім Тілеубекова, саяхатшы:
- Тауға жалғыз шыққаннан гөрі достармен бірге шыққан қауіпсіз әрі қызықты. Ең бастысы табиғат аясындағы мәдениетті сақтау керек. Біз осындағы өзіміздің қоқыстарға қосымша өзге адамдардың тастап кеткен тұрмыстық қалдықтарын да жинап жатырмыз.
«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық паркінің болашағына бейжай қарамайтын тұрғындар мен ұйымдар тау бөктерін қоқыстан арылтауға арнайы келіп тұрады. Парк қызметкерлері маусымына бес рет сенбілік өткізуді әдетке айналдырған. Өткен жарты жылда Алатау бөктерінен 216 тонна қоқыс шығарылды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов