Кентау маңындағы Шаштөбе елді мекенінің тұрғындары ауызсу мен жарық тапшылығынан құтылды
Нәтижесінде ауылға жарық та, су да келді. Енді тұрғындар арнамызға хабарласып, алғыстарын білдіріп жатыр.
Бұл – Шаштөбе елді мекенінің тұрғыны Зухраб Мирзаевтің ауыл жұрты атынан біздің арнамызға жолдаған алғысы. Бұрын ауыл орталығында орналасқан ескі трансформатордың барлық көшені тұтастай жарықпен қамтуға шамасы жетпейтін. Салдарынан жүзден аса тұрғыны бар Күнгей көшесінің тұрғындары кеш батса болды, қараңғылық құшағында қалатын.
Фируза Таштемірова, Шаштөбе ауылының тұрғыны:
- Кешқұрым балалар сабақ оқи алмайды. Интернетке де қосыла алмайды. Жарық жоқ. 3-4 рет жарықпен қамтитын мекемеге бардық. «Болады» дейді, сонымен қалды.
Алайда бұл жолы айтылған сөз «сөз» күйінде қалмады. Мәселе шешілді. Кентау қаласының әкімшілігі халықтың жанайқайына құлақ асып, электр энергиясынан таршылық көріп отырған тұрғындарға су жаңа трансформатор орнатып берді. Халықтың қуанышында шек жоқ.
Әбдірахман Манапов, ауыл тұрғыны:
- Трансформатор орнатып, жарық берді. Осы телеарна арқылы жұмыстың бәрі бітті. Көп рахмет!
Шаштөбе елді мекенінде үш жүздей түтін, үш мыңдай халық тұрады. Бұл ауылда жарықтан бөлек ауызсу да проблема болатын. Себебі ауыл беткейде орналасқан. Мұнда орталықтандырылған ауызсу құбыры 2017 жылы тартылғанымен Ащысайдан келетін су бірден етекке ығысады. Ал оны реттеп, қырдағы үйлерге қысыммен шығару жолдары дұрыс қарастырылмаған. Соның салдарынан биік жердегі үйлер жылдар бойы таза ауызсудан тарығып, арық суымен күнелтуге мәжбүр болды.
Сол кезде ауызсуға жауапты «Ащысай су» мекемесінің басшылығы елді мекенге су құбырын тарту кезінде кемшіліктердің кеткенін мойындап, олқылықты жоюға уәде берген еді.
Бағлан Мамадалиев, «Ащысай су» мекемесінің директоры:
- Мердігерлер басында дұрыс қоспаған. Мойындау керек. Енді біз қазір шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.
Жауаптылар ақыры уәдесін орындады. Кемшіліктер жойылып, ауылға таза ауызсу берілді.
Зухраб Мирзаев, Шаштөбе ауылының тұрғыны:
- Биыл су шығып, жақсы болып тұр. «Хабар» арнасына Қарнақ ауылы тұрғындары атынан үлкен алғысымызды айтамыз. Судың сапасы өте жақсы.
Билік – халық үніне құлақ түріп, кері байланыс орнатса... Одан әлеуметтің мәселесі шешіліп жатса... Оған біздің кішкентай да болса септігіміз тиген болса... Халық қуанып, алғысын айтып жатса... Тіршілігін тілшілікпен байланыстырған бізге бұдан артық не керек?
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш