Ақтөбе облысында жыл басынан бері 20 адам суға батып кеткен
Екеуі де ескертуді елемей қауіпті жерге жүзе жөнелген. Абырой болғанда, құтқарушы дер кезінде әрекет етіп, судан шығарып алды.
Рустам Харченко, құтқарушы:
- Дәл осы тұсы қауіпті. Өзеннің ағысы да қатты. Алғашқы бірнеше метрі таяз болғанымен, аяқ астынан шұқыр тап болады. Судан алып шыққан екі адам да сол ойысқа кеткен.
Өкінішке қарай, өткен демалыс күндері құтқарушылардың көзінен таса жерде үш адам суға батып кетті. Облыс орталығына ауылдан қонаққа келген ағайынды екі қыз мерт болды. Туыстарымен жағажайға демалуға шыққан жеткіншектер жабдықталмаған орында шомылыпты.
Иса Байтұрсынов, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Міне, бұл жақ таяз, 15 метрдей жүруің керек. Бірақ бірден үш метр терең болып кетеді. Халық осы жерге келеді де, терең жерге түсіп кетеді. Жүзе алмай, салдарынан сол жерге батып кетіп жатыр. 31 шілде күні үш адамның денесі шығарылды.
Құтқарушылар: «Жүзу білмейтіндердің кез келген жерге суға түспегені дұрыс», - дейді. Табаны зерттеліп, шектеу белгілері орнатылған жағажайда ғана шомылу керек. Статистикалық деректер де қайғылы оқиғаның дені демалыс күндері және рұқсат етілмеген орындарда болатынын көрсетті. Сондықтан тәртіп сақшылары патруль санын арттырып, елге ескерту айтуды жедел қолға алған. Ережені елемеген жандар жауапқа тартылады.
Ардана Саймағамбетов, облыстық ПД ЖПБ бастығы:
- Белгіленбеген жерлерге суға түсуге байланысты 30-дан астам азамат жауапқа тартылды. Мас күйінде суға түскен 40-тан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Тұрғындардың демалып, суға шомылатын тұсын бір көргеннен-ақ байқауға болады. Әдетте жағасында қоғасы мен қамысы жоқ орындарды іздесек, қазір су бетіне көз салмастан белгілі. Жағалауда қоқыс тау болып үйіліп жатса, шомылушылар жиі келеді деген сөз. Жағаның жайы аян. Бірақ су табанын сүңгуірлер зерттемеген. Сондықтан қадам басқан сайын қатер тосуы мүмкін.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков