Ақтөбеде қауіпті химиялық канцероген ашық аспан астында шашылып жатыр
Шаһардың өндірістік аумағын зерттеген еріктілер топырақ құрамындағы мөлшері рұқсат етілген көрсеткіштен 100 есе көп екендігін анықтаған.
Ақмарал Құсанова мен Айна Әбілқасымова: «Ақтөбенің бұл тұсына жиі келеміз», – дейді. Әдетте қара түтінді будақтатып, өндірістік қалдықтарды өртеп жатқан мекемелерді тәртіпке шақырады. Кезекті рейд кезінде экобелсенділер топырағы жасыл-сарғылт тартқан жерге кезіккен. Табиғи түстен ерек болғандықтан сынамасын алып, құрамын зерттеуге тапсырыпты.
Ақмарал Құсанова, қала тұрғыны:
- Сараптама нәтижесінен жағамызды ұстадық. Көрші аумақтың топырағы құрамында 6 валентті хром 4,6 есе көп. Ал қалдықтар сақталған орынды жарты метр қазғанда 6 валентті хромның рұқсат етілген мөлшерден 104 есе артық екендігі анықталды. Бұл – өте қауіпті канцероген. Көптеген дертке себепші болады. Оның ішінде онкологиялық аурулар да бар.
Ақтөбе төңірегінде мұндай үш орын анықталған. Барлығында да бұған дейін жергілікті зауыт өндірісінің қалдықтары сақталыпты. Облыстық Экология департаменті осыдан екі жыл бұрын қоршаған ортаның ластануына байланысты 50 млн теңгеден астам айыппұл салған. Бұл шешіммен келіспеген зауыт сотқа да жүгініпті. Бірақ шешім өзгеріссіз қалды. Мемлекет қазынасына төлем жасалып, қауіпті қалдықтарды жою міндеттелген.
Талап Уснадин, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- 2021 жылы комиссия тексеріп, қалдықтар толықтай шығарылғандығы туралы акт жасалған. Бәлкім химиялық заттар топыраққа төгілген болуы мүмкін.
Зауыт өкілдері қауіпті қалдықтарды мердігер мекеме тасыды деп отыр. Екеуара келісімшарт жасалып, өндірістен шыққан шаң-тозаңды сырттан келген компания жоюы тиіс болатын. Алайда олар адам ағзасы мен қоршаған ортаға зияны мол заттарды заң талабына сай зарарсыздандырудың орнына өндірістік аумаққа апарып тастай салған. Енді бұл міндетті зауыттың өзі мойнына алып отыр.
Светлана Мащенко, зауыттың бас экологы:
- Жер қойнауын қолданушы ретінде тағы бір мәрте тазалап шығу жөн деп шештік. Біздің мекеме топырақты қалпына келтіруді де мойнына алды. Бірнеше метр қазып алып, орнына құнарлы топырақ жеткіземіз. Содан кейін қиыршық таспен тегістеледі.
Әзірге қауіпті қалдықтарды тиеген жүк көліктері шаһардың өндірістік аумағын шарлап зауытқа тасып жүр. Шанағынан ұшқан шаң-тозаңнан қатердің бар-жоғын экологтар да зауыт өкілдері де ай алмады. Белгілісі улы зат төгілген орын алдағы бірнеше апта ішінде тазартылуы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков