Ақтөбе облысы Ясный ауылы маңындағы жол жөндеу жұмыстары әлі бітер емес
Салдарынын ауыл ішімен жүруді әдетке айналдырған жеңіл және ауыр жүк көліктері жолдарды әбден езіп, шаңын шығарған. Қазір жергілікті жұрт таза ауамен тыныстайтын жер де қалмады деп отыр. Ал жауапты басқарма өкілдері тұрғындарға әлі бірер ай шыдай тұруға кеңес беріпті.
Гүлжамал Жалғасбаеван екі жылдан бері көк шаңнан көз аша алмай отыр. Себебі, ауылдың орталық көшесіндегі жолда жөндеу басталғалы барлық көліктер үй алдымен өтетін болған. Салдарынан көтерілген шаң баспанаға да кіріп жатыр. Ал, кешқұрым таза ауада тыныстау арманға айналыпты.
Гүлжамал Жалғасбаева, Ясный ауылының тұрғыны:
- Жүк көліктері газдың құбырларын қайта-қайта қозғап кетіп жатыр. Балаларымыз далаға шығып ойнай алмайды. Жіберуге қорқамыз. Есік-терезе ашылмайды. Шаң тіпті қораға кіріп жатыр.
Ауыл көшелеріндегі көлік қозғалысы қарқынды. Кабина ішіндегі жүргізушілер мен жолаушылар ыңғайсыздықты сезбегенімен, жол жиегіндегі үйделерде тұрып жатқан жұрт шаңға тұншығуда. Салдарынан соңғы уақытта бала түгілі, ересектер де далаға шығудан қалған.
Ал жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ауылдың орталық көшесінде аса белсенділік байқалмайды. Арнайы техникалар әр жерде тұр. Жоба осыдан бес жыл бұрын басталса да, Ясный елді мекеніне келгенде саябырсып қалғанға ұқсайды. Ауыл ішімен өтетін екі шақырымнан астам жолдың жартысы ғана толық аяқталған.
Айбек Қайыр, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Былтыр мердігерлер өздеріне алған міндеттемелерін орындамаған. Жұмыс демалыссыз жүріп жатыр. Өзіміз де көмектесіп отырмыз. Тұрғындар наразылық білдіруде. Барынша тезірек асфальт жамылғысын жасауға жоспар құрып отырмыз.
Мамандар жобада уақытша айналма жол салу қарастырылмағанын айтады. Дегенмен тұрғындардың пікірін ескеріп, біреуін іске қосқан. Енді жұмысты толықтай қыркүйекте аяқтаймыз деп отыр. 2017 жылы басталған «Оңтүстік айналма жолы» жобасына жеті жарым миллиард теңге қарастырылған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов