Интернет игілігін Абай облысыдағы Аягөз ауданының тұрғындары әлі күнге дейін көре алмай келеді
Интернеттің әлсіздігі әсіресе халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер мен дәрігерлерге қиын соғып отыр. Ауыл әкімдігі мәселені айтып, байланыс операторларына хат жазып шаршаған.
Бұл – Аягөз ауданының Ақши, Сарыарқа, Қараағаш, Тарбағатай ауылдарындағы күнделікті көрініс. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін интернетке кіру үшін әкімдікке келіп, қаздай тізіліп отырады. Оның өзі тек жұмыс күндері жұмыс уақытында қолжетімді. Интернеттің баяулығы әсіресе тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлер мен пошта қызметкерлеріне қиын соғып отыр.
Жанар Мұстафина, медбике:
-Мәліметтерді әзер жібереміз. Кейде қалаға звондап, сондағы дәрігерлерге айтып, құжаттарымызды салып беріңіздерші деп жалынамыз. Қағаздарымызды жіберу үшін осында келеміз. Мұның өзі дұрыс істемейді.
Айнұр Құндақбаева, пошта қызметкері:
-Интернет жылдамдығының аздығына байланысты клиенттердің көпшілігі кетіп қалады. Бүгін міне пенсия беріп жатырмыз. Бір клиенттің өзіне жарты сағаттан артық қызмет көрсеттік. Сондықтан кейбір клиенттер зейнетақысын Аягөзден барып алуға мәжбүр.
Аягөз ауданындағы халық саны ең көп ауылдың бірі саналатын Тарбағатайда ұялы телефон байланысы да нашар. 2019 жылға дейін осы ауылға қарайтын Малтүгел, Ортарал, Ақшоқы елді мекендерінде екі оператор қызмет көрсеткен. Алайда 3G интернетін қостырамыз деп мүйіз сұрап, құлағынан айрылған тоқал ешкінің күйін кешіп отырғандарын айтады.
Ербол Ережепов, Тарбағатай ауылының әкімі:
-Барлық жерде таудан ұстайтын. Малшылар қиын жағдай туғанда телефонға шыға алатын. 3 G орнатқалы бері байланыстан мүлде ажырап қалдық. Ауыл, аудан әкімшілігі атынан бірнеше рет хат жазып, сұрау салдық. Казмобайлға, Теле 2, «Қазақтелеком» басшыларына айтылды. Әзірге ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпыз.
Ал Аягөз ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары: «10 ауылдағы интернет мәселесі келесі жылы шешіледі», – деп сендірді.
Думан Ырғаев, Аягөз аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
-Қазіргі таңда аудандағы 23 ауылдық округтің 5-уінде мобильді байланыс дұрыс жұмыс істемейді. Бұл мәселені шешу мақсатында антенналық матчты құрылғы орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында жобалық-сметалық құжатты сараптамадан өткізіп, 2023 жылға өтінім береміз.
Жалпы өңірде Тарбағатай секілді өркениет көшінен қалып, байланыс аясынан тыс жерде отырған ауылдар аз емес. Шығыс Қазақстан облыстық Цифрландыру басқармасының мәліметінше, 244 елді мекенде мүлде интернет жоқ. Өкініштісі бұл ауылдар Цифрландыру министрлігі мен байланыс операторларының бағдарламасына да енбей қалған.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы