Абай облысындағы Долан ауылында жаңа медициналық пункт қажет
Бұдан бөлек елді мекенде дәріхана мен жедел жәрдем көлігі жоқ.
400-ге жуық адамға қызмет көрсететін ауылдағы медициналық пункттің қазіргі кейпі осындай. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл ғимаратқа бірде бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Мария Кружальскаяның Долан ауылында тұрып жатқанына 40 жылға жуықтаған. Зейнеткердің айтуынша, бұрын гүлдей жайнаған елді мекеннің қазіргі сұрқы жүректі ауыртады. «Халыққа ең қажет нысанның ешкімге керегі болмай тұрғаны өкінішті. Медициналық пункттің жайын айта-айта шаршадық», – дейді ол.
Мария Кружальская, ауыл тұрғыны:
-Біз мұнда емделуге келеміз, бірақ әркез еңсеміз түсіп қайтады. Тұрған жері де қолайсыз. Ауылдың ортасынан жаңа медициналық пункт салып берсе жақсы болар еді. Дәріхананың жоқтығынан аудан орталығына немесе қалаға баруға тура келеді.
Тина Махвиладзе, ауылдық амбулаторияның меңгерушісі:
-Медициналық пунктте тұрғындарды қабылдау кабинеті бар. Ауылда екі дәрігер жұмыс істейді. Тек қана жаңа ғимарат жетіспей тұр.
Жергілікті әкімдік тұрғындардың тілегін ескеріп, мәселені шешудің қамына кірісіпті. Олардың айтуынша, жаңа медициналық пункт келесі жылы салынуы мүмкін.
Бауыржан Баталов, Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары:
-Бұл мәселені шешу үшін былтыр жер бөлінді. Бүгінгі күні конкурстан өтіп, «Семей проект» мердігер ұйымы жеңіп алды. Жақында жобалық құжат жасалады. Одан кейін келесі жылы облыстық бюджеттен ақша сұралады. Содан соң жаңа медициналық пункт салынады.
Ал дәріхана мәселесі әзірге шешімін таппайтын секілді. Себебі, фармацевтикалық компаниялардың ешқайсысы ауылда жұмыс істеуге құлық танытпаған. Ауыл тұрғындарының өздері дәріні сатқысы келгенімен, қолдарында құжат жоқ. Долонға жедел жәрдем көлігі арнайы шақырумен көрші ауылдан келеді. Жалғыз көлік үш бірдей елді мекенге қызмет көрсетеді.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы