Орман өртінен зардап шеккен аманқарағайлықтардың біразы өз баспаналарына қайта оралды
Ал тұрақты мекен-жайы толық жанып кеткен ауылдықтардың көбі өз туыстарын паналап отыр. Эвакуациялық орталықта бірнеше отбасы ғана қалды.
Өрттен кейін үйіне оралғандардың бірі Ирина Шевченко. Бұл отбасының жаздық асханасы мен моншасы жанып кеткен. Абырой болғанда отағасы баспананы жалыннан аман алып қалған. «Бірақ мұнда тұру мүмкін емес»,– дейді.
Ирина Шевченко, ауыл тұрғыны:
-Жарық берді. Бірақ интернет пен газды әлі қосқан жоқ. Осылай өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Бірақ мұнда ұзақ қалуға болмайды. Күл мен ыстың иісі қолқаны қабады. Бұл баспанамыз өрттен аман болғанымен ана жақтағы үйіміз толық жанып кетті. Әкімдік: «Соның орнына пәтер береміз», – дейді. Енді соны күтеміз...
Өрт шыққан күні аманқарағайлықтардың барлығы аудан орталығындағы мектептердің біріне жеткізілген болатын. Алайда қазір ондағы эвакуациялық орталықта тек екі отбасы тұрып жатыр. Басқаларының бәрі жақындарының үйіне кеткен.
Павел Богданович, ауыл тұрғыны:
-Мұнай базасының жанында пәтер жалдап тұратын едік. Қазір осыдан басқа баратын жеріміз жоқ. Отбасымыз үлкен. 7 баламыз бар. Бұл жерге өкпеміз жоқ. Ас пен суын беріп жатыр. Ал үлкен ұлымның отбасына волонтерлер үй сатып алып берді.
Айта кету керек, өрттен зардап шеккен 91 үйде бас-аяғы мектеп жасындағы 45 бала бар. Олар қазір өз сабақтарын емін-еркін оқып жатыр. Өйткені мектеп өрттен аман. Ал 11 бала Бурабайдағы республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберілген. Қалған оқушылар да жақында осындай лагерьлерге аттанбақ.
Ал өрттен зардап шеккен тұрғындарға арнап салынатын үйлердің құрылысы қазір өте қарқынды жүріп жатыр. Мұнда тіпті алғашқы бірнеше үйдің іргетасы қаланып та қойған. Бұйырса 2 жарым айдан соң жаңа баспаналар өз иелеріне тапсырылады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко