Аршалықтар жақын маңда орналасқан зауыттардан әлі де зардап шегіп келеді
Тұрғындар жастардың денсаулығына алаңдайды. Оның үстіне қиыршық тас өңдейтін зауыттар жыл сайын көбейіп барады.
Биыл ғана ашылған қиыршық тас зауыттары Аршалы ауылынан шамамен 1,5 шақырым жерде орналасқан. Мұнда көтерілген қалың шаң дәл сол күйі ауылға баратын көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, ауыл айналасындағы мұндай зауыттардың басым бөлігі экологиялық ережелерге сай келмейді. Тұрғындар бұл мәселе жыл сайын көтерілсе де нәтиже болмай жатқанына ашынады.
Жансара Мұқанова, Аршалы ауданының тұрғыны:
-Бүкіл ауданда 17% онкологиямен ауырса, біздің ауылда 70% ауырады. Тым болмаса соған қараса, жыл сайын көбейіп бара жатыр. Бұл — статистика. Бұл жай сөз емес.
Ақылжан Қасқатаев,Аршалы ауданының тұрғыны:
-2015 жылдан бастап менде ауру пайда бола бастады. Бүкіл жерге аллергия шығып кетті. Мен қазір тісім ауырса да емделе алмаймын. Қан қысымым — 180/200. Бүкіл дәріге аллергия. Ақыры зерттеп келген кезде осы климаттан болып тұр. Маған жер ауыстыру керек. Өз денсаулығым емес, ертең балам да осындай ауру бола ма деп қорқамын.
Ірі өндіріс орындары әсіресе кешкі уақытта жұмыстарын күшейтетін көрінеді.
Айта кетейік, Аршалы ауданында шамамен 30-дан астам зауыт болса, олардың тең жартысы жұмыс істеп тұр. Зауыттардың ең жақыны 500 м қашықтықта. Ол Кеңес үкіметінен қалған. Ал басқалары соңғы жылдары ашылған. Ауыл жұрты: «Жаңа зауыт ашыларда біздің пікірімізбен ешкім санаспайды», — дейді.
Наталья Губина, Аршалы кентінің тұрғыны:
-Біздің ауданнан ешкім рұқсат сұрамайды. Заң солай екен. Зауыт ашу үшін оларға тек облыстың жауаптылары рұқсат береді екен. Облыстық деңгейде зауыт ашуға рұқсат алады. Ал біздің пікірімізбен ешкім санаспайды. Шаңға тұншығып, өмір сүріп жүрміз.
Бұл елді мекенде жыл сайын аудандық деңгейде экологиялық тексеріс жүргізіледі. Бірақ олар зауыттардың техникалық тұрғыда нормативтерге сай жұмыс істеп жатқанын және шаңның зияны жоқ екенін растап кетеді екен. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері бұл жолы өзіміз тексереміз деп отыр.
Олжас Беркінбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің директоры:
-Тұрғындардың шағымдары аяқсыз қалмайды. Біз бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймыз. Айналысамыз міндетті түрде. Тексеріс жұмыстарын бастаймыз.
Соңғы уақытта бұл ауылда өмір сүру қиындады деген бұқара: «Бұл жолы да мәселеміз шешілмесе, Президентке хат жолдаймыз», — дейді.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Қанат Әбілдин