Сайрам ауданында апатты жағдайдағы мектеп адам өміріне қауіп төндіріп тұр
Мәселені реттеу үшін жергілікті білім бөліміндегілер ғимараттың қауіпті аймағын жауып, оқушыларды қалған корпуста оқыту туралы ұйғарым шығарған. Бірақ ата-ана көңілі алаң.
Қабырғасы қақырап, едені ойылып жатқан мектептің қазір бір бөлігі жабық тұр. Өйткені адам өміріне қауіпті. Бірақ апатты деп танылмаған. Сондықтан білім ордасының екінші бөлігінде оқушылар дәстүрлі оқуын жалғастырып жатыр. Алайда қабырғаға түскен жарықшақтардан адам үрейі ұшады.
Сайрам ауданына қарасты Әсіларық ауылындағы №49 жалпы орта мектебі 300 орынға лайықтап салынған. Бірақ 500 бала екі ауысымда білім алады. Сараптама қорытындысына сәйкес, мектептің бір бөлігінде бала оқытуға болмайды.
Мадина Көшекбай, №49 мектептің директоры:
- Экспорт 80-ге біз сараптама жасаттық. Сол жерде осы блоктарды қауіпті, егерде күрделі жөндеу жүргізілмеген жағдайда қолдануға болмайды делінген. Соған байланысты осы екі корпусты жауып отырмыз.
Әділбек Алтаев, ауыл тұрғыны:
-4 жылдан бері төмен түсіп, дуалдары жарылғаннан кейін ауылдың тұрғындары оны көріп, балаларын оқытудан бас тартып жатыр. Жібермейміз ертең баламыздың қауіпсіздігі керек деп. Қазандықтың проблемесынан әлі жылыған емес мектебіміз. Қысқа бір грамм дайын емеспіз.
Мектептің жылу жүйесі де дұрыс жүргізілмегендіктен қыс мезгілінде оқу кабинеттері суық. Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміндегілер оқушыларды уақытша өзге мектепке ауыстырмақ болыпты. Бірақ ата-аналар баласын 7 шақырым жердегі көрші ауылға жіберуге қарсы. 13 жыл бұрын бой көтерген білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Нұрлан Бақтыбаев, Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас есепшісі:
-Бұл бойынша 2020 жылы сметалық құжаттама дайындалған 675 млн теңгеге. Бюджеттің мүмкіншілігіне байланысты бөлінбей отырды. Енді келесі жылы осы 675 млн теңгені «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында бөліп беру жоспарланып отыр.
Шоқан Уәлиханов атандағы мектеп құрылысын жүргізген мердігер мекеме кепілдік мерзімінің өтіп кеткенін алға тартап отыр. Ал білім нысанын қабылдағандар сапасына сын тақпапты. Енді жауаптылар: «күрделі жөндеуге қаржы бөлінгенін күтуден басқа шара жоқ», — дейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов