Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысының әкімі Біршоғыр ауылы маңындағы қиыршық тас шығаратын мекемелерді сынға алды

Шаңға тұншыққан тұрғындар экологиялық ахуалдың ушығып тұрғанын айтып, бірнеше рет құзырлы мекемелерге шағымданған еді.

Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:
-Ауылдың ішінде мына жолдың біреуінде де су жоқ. Жүрген жердің бәріне де егер шаңданатын болса су шашу керек. Солай ма, жоқ па? Ол талаптарды неге орындамайсыңдар? Күнде мыңдаған машина өтеді қасынан. Жай жолдан өтіп кеткеннің өзінде қаншама шаң шығып жатыр.

«Айнала орналасқан өндіріс орындары жер қыртысын жарған сәтте көз ашып, тыныс алудың өзі мұң»,— дейді тұрғындар. Қаз-қатар орналасқан қиыршық тас қазушы компаниялар экологиялық нормаға сай еңбек етіп, тіпті ауылдың жағдайын жақсартуға атсалысуы керек. Себебі жер қойнауын пайдаланушыларға әлдеуметтік жауапкершілік жүктелген.

Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:
-Ауылдың ішінде ешқандай көмектің ізін көріп тұрған жоқпын мен. Былығып жатқан ауыл. Жаңағы жерге керемет парк салуға болады. Демалатын жер салуға болады халыққа. Ауылда 2 мың адам. Үлкен ауылға жағдай жасамайсың ба? Сондықтан халық ренжиді осының барлығына. Ешқандай жағдай жасамағаннан кейін. Осы жерде отырып, елді арасында жүргеннен кейін менің компаниям мына жерде, қатысым жоқ деген әңгіме бола ма?

Ауыл тұрғындарының тағы бір жанайқайы — жол мәселесі. Шалғайдағы ауданда біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, «Шалқар — Бозой — Өзбекстан» шекарасы бағытындағы 241 шақырым жолдың 93 шақырымы жөнделген. Тағы екі шақырымның құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс.

Мұрат Қобыландин, мердігер мекеменің директоры:
-Тағы да басқа Шалқар қаласында, ауданда 9 жоба қарастырылған. Біз қазір ұтып алдық. Сол 9 жобаның 8-і қазір бітіп тұр. Оның ішінде 4 жоба күрделі жөндеу. Үш жоба орташа жөндеу. Бір жобасы қазір күрделі жөндеу, октябрьдің аяғына дейін бітіруге тырысамыз.

Тұрғындарды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету үшін ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 90 жаңа кәсіпорын ашылуы тиіс. Басым бөлігі мал шаруашылығы мен өнімді қайта өңдеу саласына қатысты. Келер жылдан бастап оларға жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр.

 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов