Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына — 100 жыл
Алайда ғалымдар батырдың дүниеге келген күні 13 қазан деп анықтап отыр.
Бүгінде батыр жайлы жазылған 600-ге тарта қолжазбалар мен естеліктер бар. Алайда шығыс шынары жайлы көп фактілер бір-бірімен сәйкеспейді. Тіпті туған датасы. Мәселен «Мәншүктің ғұмырнамасы» кітабында 2 қазан делінген. Алайда жазушы Мақсат Тәж-Мұрат: «Майдангердің нақты туған датасын бекітетін кез», — дейді. Оған дәлелдер дайын.
Мақсат Тәж-Мұрат, жазушы-эссеист:
-Мәншүктің авторлар тапқан екі құжаты бар. Бұның екеуі де кадрларды есепке алу жөніндегі тіркеу қағазы 1922 жылы Жәнібек ауданы Қамыстыда 13 қазан күні дүниеге келдім деп жазған. Бұл құжат Алматыдағы орталық музей қорында тұр. Өзінің қолымен жазған құжатқа сүйенуіміз керек.
Жазушы бұл деректерді өзінің тұсауы кесілгелі тұрған «Мәншүк. Мұз бен жауын жыры» атты ғұмырбаяндық кітабына да енгізген.
Мақсат Тәж-Мұрат, жазушы-эссеист:
-Қазақ қызының осы уақытқа дейін ұлттық типі әлі жасалмаған. Осы кітап арқылы оқырмандар үшін Мәншүк арқылы психотипін бере алдым ғой деп ойлаймын.
Белгілі журналист, ғалым Бауыржан Омарұлының айтуынша елімізде 6164 Мәншүк, 1114 Мәнсия бар екен. Яғни Мәнсия — батырдың шын есімі. «Бұл есімді иемдену қай қазақ қызы үшін де құрмет» деген журналист пулеметші қызды ұлықтау ауқымын кеңейтуді алға тартады.
Серік Хамиев, М.Мәметованың туысы:
-Бала кезде естігендерім, 4-5 мектепте оқимын. Үлкен әжем Мәншүк менің сіңілім еді дейтін. Ол уақыттарда мен баламын. Көңіл бөлмейтінмін. Ол кезде Мәншүктің кім екенін білмеймін. Менің анам — Асылғаным. Оның анасы Ақбөпеш: «Менің сіңілім» деп отыратын. Осындай апамыз барына мақтаныштымын.
Биыл Мәншүк Маметованың 100 жылдығына орай «Хабар» арнасының тапсырысымен сериал түсірілген. 6 бөлімді шығарма майданға аттанған кезеңінен бастау алады. Беларусь елінде түсірілген сериал алдағы уақытта арнамыздан көрсетілетін болады.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Гүлжан Көленқызы, Талғат Жұбанышев