FlyArystan жолаушылары тіркеуде ұзақ кезекте тұрмайтын болды
Жұмыс сапасын күшейтуге арналған цифрлық технологияны компания басшылары Алматы Халықаралық әуежайында клиенттерге таныстырды.
Алматы әуежайына iJan терминалының сегізі қойылды. FlyArystan әуежайда инновациялық қызметті ұсынып жатқан алғашқы компания. Терминал арқылы жолаушылар тіркеуден өтіп, талон басып шығара алады. Жол жүктің салмағын өлшеп, биркасын жапсыру да жеңілдей түсті.
Дәуір Еркінұлы, FlyArystan әуе компаниясы сату бөлімінің менеджері:
-iJan терминалы ол — инновациялық терминал. Өзіміздің FlyArystan-ның ішкі қызметкерлерімен бірге бірлесіп жасалған. Мұндай терминалдар Қазақстанда әлі де жоқ. Орталық Азияда жоқ. Сондықтанда бұл біріншіден біздің жолаушыларымыздың қызметін оңайландыру, жеңілдету. Және де мына әуежайда болатын кептелістен арылу деп есептейміз.
Жобаны жасауға бір жылдан астам уақыт кеткен. Енді жолаушылар рейстерге FlyArystan мобильді қосымшасында алдын ала тегін немесе қаңтардан бастап iJan көмегімен қосымша ақыға тіркеле алады. Инновациялық терминалдар клиенттердің де көңілінен шықты. Тіпті, алғашқы клиентке бір жылға тегін ұшуға сертификат берілді.
Мұрат Алмағамбетов, жолаушы:
-Тіркеуден өттім. Өте ыңғайлы және тез өттім. Бұған дейін біз кезекте тұрдық әрі уақыт көбірек кететін. Ал осындай киоскпен бірге тез өтеміз.
Қарашадан бастап iJan терминалдары Астана қаласында да ашылады. Содан соң Қазақстанның барлық 13 әуежайында іске қосылады. Өз бетімен тіркелу қызметі бірінші кезекте ішкі, кейін халықаралық рейстерде қолжетімді болады. Болашақта iJan терминалымен орын таңдап, басқа да қызметтерді ала аласыз.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев