Алматыдағы автобустар апатынан бір адам көз жұмды
Мұны қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады. Жол апаты бүгін түскі уақытта Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында болды. Қазір зардап шеккен тоғыз адам қалалық ауруханаларда жатыр. Оның біреуі бала. Жабық бас сүйек-миы зақымданған ол нейрохирургиялық бөлімшеде ем қабылдайды. Дәрігерлердің айтуынша, барлығының жағдайы орташа, тұрақты. Қалғандары алғашқы медициналық көмектен кейін тұрғылықты жері бойынша емхананаларға амбулаториялық емдеуге жіберілді. Жан түршігерлік жол апатына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, арнайы сараптамалар тағайындалды. Екі автобустың қайсысының жүргізушісі жол ережесін бұзғаны әзірге нақты белгісіз.
Игорь Совпенко, куәгер:
- 201-бағыттағы автобус қатты келді. Екінші қоғамдық көліктің жылдамдығы баяу еді. Соққан кезде тура сол жылдамдықпен барып екі адамды іліп кетті. Содан барып ағашқа тірелді. Оның жылдамдығы күшті болды. Біз дереу жүгіріп барып адамдарға көмектестік. Оларды есік, терезелерден шығарып алдық. Ең ауыр жарақат алғандар екінші автобуста болды.