Қарағанды облысында соңғы жылдары инклюзивті спорт жақсы дамып келеді
Қазір мүмкіндігі шектеулі 1467 бала спорттың 17 түрімен айналысады. Биыл ғана спорт басқармасы осы бағытта тағы бір жаңа жобаны қолға алды. Соның арқасында шет елде біліктілігін шыңдап келген жаттықтырушылар аутизм дертіне шалдыққан балаларға жүзуді үйрете бастады.
Қазір өкінішке қарай өңірде ерекше балалармен жұмыс жасайтын жаттықтырушылар жетіспейді. Қазақстанда оларды дайындайтын бірде-бір орталық жоқ. Сондықтан биыл бюджет есебінен 10 бапкер көршілес Ресей елінде біліктілігін жетілдірді. Қазір олар Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларында мүмкіндігі шектеулі балаларға жүзуді үйретіп жүр.
Қарлығаш Жұмаділова, қала тұрғыны:
- Жүзуге қатысуға болатынын естіп баламыз екеуміз қатты қуандық. Ең бастысы сабақ тегін. Бұған дейін біраз нысанды араладық, жаттықтырушылар қабылдағысы келмейді, түрлі сылтау айтады. Енді жақсы болды. Балаларға қажетті процедура тоқтамауы тиіс. Біздің жағдайды ойлап, барынша көмек көрсетіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.
Мамандардың айтуынша, қазір облыста аутизм дертіне шалдыққан 500-ге жуық бала бар. Әзірге жүзу секциясына тек 90 жеткіншек келіп жүр. Келешекте қалғандарын да қамту жоспарда. Ол үшін тағы бірнеше бапкерді оқытпақ. Бұл мақсатқа қазынадан 49 млн теңге бөлініп отыр.
Темірхан Абылаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Келесі 2023 жылға біз осыған тағы 60 бала қосып, 150 баланы қамту жоспарымызда бар. Оның ішіне бапкерлердің жалақысы, спорт кешендерін жалға алу кіреді, сосын жаңағы Ресей елінде білімдерін жетілдіру.
Қазір өңірде инклюзивті спортпен қатар ұлттық ойындар да жақсы дамып келеді, — дейді сала басшысы. Келесі жылы көкпар клубын ашу жоспарда. Сөйтіп облыс командасын жасақтап, үздік көкпаршыларға тұрақты жалақы тағайындамақ. Сонымен қатар жаңа атшабар салынады. Ол үшін 16 млн теңге қаржы қарастырылып отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар