Екібастұзда көпқабатты 17 үй әлі жылусыз отыр
Дегенмен бірқатар баспанаға жылу берілді. Түнде шаһарға Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған үкіметтік топ барып, халықтың хал-ахуалымен танысты және мәселені көп ұзамай толықтай шешеміз деп уәде етті.
Айша Нұрғалиева, қала тұрғыны:
-Өз күшімізбен өзіміз істеп жатырмыз. Құралдарды өз ақшамызға сатып алып отырмыз. Бізде көбі кәрі кісілер, мүгедектер, кішкентай балалар, жаңа көрдіңіз. Подвалды өз күшімізбен өзіміз жылыта алдық.
Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:
-Біз негізгі ақау орнын іздеу үшін 300 метрлік аумақты қаздық. Ол Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойында орналасқан. Үш күн бойы іздедік. Нәтижесінде судың кетуіне себеп болған екі ақау анықталды. Қазіргі уақытта ол жерде тәжірибелі мамандар жұмыс істеп жатыр.
Қазіргі уақытта 39 жөндеу бригадасы жұмыс істеп жатыр. Бас-аяғы 170 маман жұмылдырылды. Олар қажетті құралдармен қамтылған. Ал тұрғындар үшін 4 мың адамға шақталған жылыту пункттері бар. Біз нөмірі -- мектеп жанындағы жылыту орнында тұрмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, төсек-орындар дайын. Жалпы төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тұрғындардың шығындары толық өтеледі. Бұл туралы Серік Жұманғарин брифинг барысында мәлімдеді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Біраз адам қазіргі уақытта зардап шекті. Арыздар түсіп жатыр. Мыңнан астам қазіргі уақытта арыздар түсті. Адамдар, әрине, қиындықтарын жазып жатыр. Бүкіл қиындықтарын компания оларға қайта төлейді. Оларға ешқандай шығындары болмайды. Сол себептен оған босқа ешқандай әурешілік болмасын.
Жалпы, штабтың соңғы ақпараты бойынша қала тұрғындары тарапынан 1300-ден астам шағым түскен. Жауапты мамандар әр шағымды назардан тыс қалдырмаймыз дейді.