Атыраулық 8 жастағы Дінмұхаммед Жаңбырбайдың ерлігі елді сүйсінтті
8 жастағы Дінмұхаммед достарымен ойнап, мұз үстіне шыққан. Кенет жұқа мұз жарылып, 2008 және 2013 жылы туған екі бала суға құлап кетеді. Достарын құтқаруға асыққан жас батыр оларды шығарып алған. Дінмұхаммедтің ерлігі көпті таңқалдырды. Оның ендігі арманы – құтқарушы болу.
Дінмұхаммед Жаңбырбай, жас батыр:
- Су аяқ астанын ойылып етіп, екеуі аяқ астынан суға батып кете жаздаған кезде мен оны көріп, өзімнің өмірімді қатерге тігіп, миымда тек оларды құтқару ғана болды. Сондықтан мен құтқаруға тырыстым.
Облыстық полиция департаментінің мамандары Дінмұхаммедтің мектебіне арнайы барып, алғыс хат табыстады. Осындай батыр ұл тәрбиелеген анасына да рақмет айтты.
Гүлнұр Құлова, Дінмұхаммедтің анасы:
- Дінмұхаммед үйдің ортаншы баласы. Жалпы ол қасындағы достарына, айналадағы адамдарға көмектескенді жақсы көреді. Баланың өмірін құтқарып тұр. Алла бір күш қуат берген балама. Өзі кішкентай бала екенін де көріп тұрсыздар.
Жайық өзеніндегі мұз әлі қата қойған жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды сұрайды. Балаларды қараусыз қалдырмау керек екенін айтады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин