Қостанай облысында жол жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді
Алынған мыңнан аса сынаманың жартысына жуығы талапқа сай болмай шықты. Негізінен пайдаланылған жол құрылыс материалдары стандартқа сәйкес келмейді. Асфальт жабындысы, темір бетон құрамаларының кем-кетік тұстары көп. Ал республикалық маңызға ие трассаларды жөндеу сапасы жергілікті жолдарға қарағанда біршама жақсы. Төрт жүз сынаманың тек алпысынан кінәрат табылған. Тексеріс нәтижесі бойынша мердігерлерге 29 мың шаршы метр тас жолды қайта жөндеу міндеттелді.
Владимир Завалий, облыстық жол активтері сапа орталығының бөлім басшысы:
- Мердігерлер көбіне сапасы күмәнді арзан құрылыс материалдарын пайдаланады. Сонымен қатар технологиялық талаптар сақталмайды. Биыл сәулет-құрылыс бақылау басқармасына мердігерлерге шара қолдану жөнінде 8 хат жолдадық. Соның біреуін ғана құптап, құрылыс компаниясына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.