Алматыда 3 жолайрық толық пайдалануға беріледі
Бұл шаһардағы жол қозғалысын реттеп, экологиялық ахуалдың жақсаруына себеп болмақ.
Алматы үшін түйіні шешілмеген мәселенің бірі жолдағы кептеліс. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қалада 500 мыңнан астам көлік тіркелген. Бұған күн сайын өзге облыстардан келетін машиналарды қосыңыз. Бұл түйіткілді шешу үшін соңғы 15 жылда бірнеше жолайрық салынды. Мұнымен қоса 11 бекеттік метро істеп тұр. Бірақ шаһарда әлі де жол қозғалысы қиын.
Ғазиз Ережеп, қала тұрғыны:
- Халық саны да көбейіп жатыр. Развязка болмаған жылдармен қазіргі жылдарды салыстырсақ, бәрібір кептеліс болып жатыр. Сол себепті халық саны көбейген соң жол мәселесін де тұрақты дамыту керек.
Мақсат Бейсенбаев, қала тұрғыны:
- Алматы қаласында қаралатын жол мәсілелері бар деп ойлаймын. Мысалы жоғарғы трасса. Жандосов көшесін алатын болсақ, ол жерде кешке таман және танғы уақытта кептеліс.
Қала әкімдігінің тапсырысымен қазір салынып жатқан 3 жолайрық болашақта көлік қозғалысын жылдамдатады деген болжам бар. Оның бірі Бұқтырма көшесімен Құлжа тас жолының қиылысында салынып жатыр. Бұл құрылысқа 11,5 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда жолайрықтың 90% жұмысы аяқталып, көпірлері пайдалануға берілді. Тек жерасты өткелдерінің құрылысы қалған.
Мақсат Байшараев, мердігер компания инженері:
- Ортада 1400 мм магистралдық трубалар жатқандықтан қосып үлгермедік. Сондықтан қалды. Қазіргі таңда осы объект бойынша инженерлік тораптар салынып жатыр, су тарату құбырларының 80% аяқталды.
Алматы қаласындағы жалпы жолдың ұзындығы 3097 шақырым. Олардың 86% асфальт жабындысы бар. Әкімдік өкілдері 2023 жылы бұл көрсеткішті 95% жеткіземіз дейді. Атап айтқанда, биыл Шаңырақ-1, Әлмерек, Қайрат, Ақжар, Алғабас шағын аудандарында жаңа жолдар салынып бітеді. Сондай-ақ көлік қатынасы үшін маңызды Рысқұлов даңғылы болашақта қала шекарасына дейін ұзартылады.
Айдос Желдікбаев, Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің жетекшісі:
- Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту. Оның ұзындығы 3 км болады. Бүгінгі күнге жұмыстар 55% дейін дайын. Осы жылы біз Төле би көшесін Яссауи көшесінен қаланың шекарасына дейін жұмыстарды бастадық. Құрылыс жұмыстарын.
Сейфуллин мен Жансүгіров және Сайын мен Мөңке би көшелерінің қиылысындағы жолайрықтардың құрылысына да қомақты қаражат бөлінген. Мамандар бұл нысандар 2025 жылға дейін пайдалануға беріледі деп отыр. Ал үлкен Алматы айналма жолы іске қосылса жүрісіміз жылдамдап, тынысымыз кеңейеді деген үміт бар.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ғайни Дәулетбаққызы, Эдуард Кон