Ауа райына байланысты бірнеше өңірде көлік қозғалысына шектеу қойылды
Күннің күрт суытуы мен бораннан бірнеше өңірде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Дабылды ескертуге қарамастан жолаушылар жолға шығып, қар құрсауында қалған.
Ұлытау облысында боранда автобус қарға батып қалды. Жезқазғаннан Ұлытау ауданына бет алған жолаушылар көлігінде 23 адам болған. Оның бесеуі бала. Автобусты қар құрсауынан құтқарушылар алып шықты.
Дулат Асанов, облыстық ТЖД бөлімінің бастығы:
-ТЖД қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертеді. Дауылды ескертулерге назар аударыңыздар және ауа райы нашарлаған жағдайда үйде болыңыздар. Алыс сапарларға шықпауларыңызды сұраймыз.
Ал Ақтөбе облысында жүк көлігінің жүргізушісі бір тәулік бойы жапан далада тоқтап тұрған. Ол өзінің жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Жүк көлігі Европадан Алматыға бағыт алған. Алайда Хромтау қаласына 3 шақырым қалған кезде қырға көтеріле алмапты. Кейін «Қазавтожол» кәсіпорны жұмысшыларының жолға құм сеуіп, сүйреуінен кейін, жүргізуші жолға шықты.
Азамат Нағымов, Хромтау аудандық ТЖБ бастығы:
-Кеше түнде жолда біз патруль жасап жүрдік. Осы кісіге тоқтадық, көмек ұсындық эвакуацияға. Эвакуациядан бас тартты. Қазіргі таңда бұл машина шығарылды. Жолын жалғастырып кетті.
Солтүстік Қазақстан облысында ақтүтек боран саршұнақ аязға ұласты. Таңертең сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендеп кетті. Қазір 9 ауданда қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға алыс сапарға шықпауға кеңес береді. Синоптиктердің болжамы бойынша, ертең де аяз.
Владимир Хутинаев, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
-Өңірде 50-ден аса жылыту орны ұйымдастырылды. Олар мектеп, мәдениет үйі мен жол бойындағы дәмханалар. Күннің күрт суытуына байланысты төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
Павлодар облысында да соңғы күндері ауа райы құбылмалы. Күн күрт жылынып, артынан қатты жел тұрды. Соның салдарынан Железин ауданындағы жалпы орта білім беру мектебінде көлемі 240 шаршы метр болатын спортзалдың шатыры ұшып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек желдің жылдамдығы секундына 17 метрден асқан. Жолдарды тазартуға 47 арнайы техника жұмылдырылды.
Авторы: Айдарбек Айтмұхамбетұлы