Сотталған 225 өзбекстандық өз елінде жазасын өтеуге өтініш білдіріп отыр
Екі ел арасындағы мұндай талаптарға қатысты заң мәжілісте қабылданды. Бұдан бөлек Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы заңды да қарады. Аталған шарт шетелде тұрып жатқан күдікті, куәгер немесе жәбірленушіден жауап алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қажетті құжат, қылмыс құралдары, айғақ заттар мен дәлелдерге қол жеткізіледі. Мамандар «құқықтық көмек арқылы елден заңсыз кеткен капиталдарды тәркілеуге де жол ашылады», — дейді.
Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
-Қылмыстық жолмен тапқан ақша Францияға шығарылғанын көрсек, бұл елге сұрау салып, олардың тергеу органдары банк шоттарын анықтап, бізге ақпарат береді. Сондай-ақ біздің сұрау бойынша бұл қаражатқа шектеу қояды. Керек болса тәркілеу амалдары да жүргізіледі.