Қарағандыны қою түтін тұмшалады
Азот диоксиді мен көміртек тотығының мөлшері бірнеше есеге көбейген. Мұны ғарыштан түсірілген картадан да анық аңғаруға болады. Қарағанды қара нүктеге айналған. Экологтардың айтуынша, ауаны ластайтын бірнеше фактор бар. Автокөлік, өндіріс орындары, жылу энергия орталығы. Бірақ ең көп түтін жеке сектордағы үйлерден таралады екен. Ал одан құтылудың жалғыз жолы көгілдір отынға көшу. Бірақ қалада газдандыру жұмысы тым баяу жүріп жатыр. Екі жылдың ішінде орталықтандырылған газ желісіне бар болғаны 500 үй қосылған.
Алина Ысмағұлова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
-Күрделі метеорологиялық жағдай күн райымен байланысты. Кешелі бері қар жауған жоқ. Желдің екпіні секундына 2,7 метрден аспады. Суық ауада түтін көкке көтерілмейді, жерге қонады. Сондықтан тұман сейілмей тұр.