Алматыда халықаралық Digital форумы басталды
Отандық өнертапқыштарды, ІТ саласындағы үздік идеяларды жүзеге асыру жолға қойылады. Бұдан былай бұл салаға жаңадан құрылған қор қолдау көрсетпек. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан бесінші Digital Almaty 2023 форумында еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Форумға әлемнің көптеген елінен 150-ден астам спикер қатысып жатыр. Отандық ІТ-нарықта жұмыс істейтін 10 мыңнан аса компанияда 150 мыңнан аса адам еңбек етеді. Ал Алматы осы индустрияның орталығы саналады. Жаңадан құрылған қордың қазіргі бюджеті 20 млн доллар. Алдағы уақытта оны 50 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Осы барлық 50 млн доллар Қазақстанның ІТ стартаптарына келіп құйылады. Сондықтан осы жалпы венчурлік инвестициялардың дамуы тек қана мемлекеттік қолдаумен емес, осы жекеменшік сала ретінде қалыптасатын болады. Сондықтан екі жылдың ішінде біз ойлаймыз, Қазақстанға 1 млрд доллар құнымен осы венчурлік қорлар келеді деп.