Ақмола облысында техникалық мамандыққа сұраныс жоғары
Өңірде бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Яғни техникалық мамандықта білім алып жатқан студенттер ірі өндіріс ошақтарын аралап, жұмысымен танысты. Жәрмеңкеге 5 оқу орнынан 100-ге жуық студент қатысты. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, осындай жәрмеңкелер өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, кадр мәселесін шешуге оң әсер етпек. Студенттерге алдымен шаһардағы полиэтилен қап дайындайтын серіктестік жұмысы таныстырылды. Тек мекемеге 100-ден астам маман қажет.
Омар Шоназаров, Серіктестік директорының орынбасары:
-Бүгінде біз өз қызметкерлерімізді тегін баспанамен қамтамасыз етеміз. Әлеуметтік қолдау үнемі көрсетіліп тұрады. Тіпті техникалық білімі болмаса да, біз осындағы орталықта оқытамыз. Біз осы мүмкіндіктерді жәрмеңкеге қатысушыларға түсіндіріп, бірлесе жұмыс істеуге шақырғымыз келеді.
Дастан Ермеков, облыстық Жастар ресурстық орталығы басшының міндетін атқарушы:
-Бізде жыл сайын жастар саны өсіп жатыр. Яғни «NEET» категориясын өсірмеу үшін осындай жәрмеңкелер өткізу керек. Бұл жастарға бір пайдасын тигізіп, жұмыс орындарын табуға көмектеседі.