Сенаторлар сейсмикалық жағдаймен танысты
Қазақстандағы сейсмологиялық жағдай лайықты бағаланбай келеді. Сейсмостансалардағы 1979 жылы шығарылған жабдықтар ескірген. Бұл туралы сенаторлардың Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институтының мамандарымен өткен кездесу барысында айтылды. Парламентшілер Алматыда қалалық жедел қызметтердің табиғи апаттарға дайындығымен танысты. Жиында сейсмологтар ел аумағының 40% сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанына қарамастан, сейсмикалық стансалардың аздығына назар аударды. Соңғы 5 жылда сейсмикалық аспаптар 40 000 жер сілкінісін тіркеді. Өткен жылдың өзінде олардың саны 7 мыңға жуықтаған. Сейсмология институтының мамандары қазіргі уақытта Алматыдағы сейсмикалық жағдай тұрақты екенін айтты.
Дәулет Сәрсенбаев, «Сейсмология институты» ЖШС директоры:
-Сейсмология институтының болжамдық комиссиясының мәліметінше, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында күшті жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Апта сайын комиссия отырысын өткізіп, комиссияның қорытындысын барлық шешім қабылдайтын органдарға жібереміз.