Алматыда жолаушылар автобусының соқтығысуы бойынша сот талқылауы басталды
98 бағыттағы автобусты тізгіндеген айыпталушының адвокаты Нұрбол Батырбай сотқа дейінгі сараптаманың біржақты болғанын және оған келіспейтіндерін айтып, қосымша сараптама жасауды сұрады. Қорғаушы қос автобустың тоқтау жолының ұзақтығы неше метр болды, қиылысты кесіп өту уақыты және көліктердің техникалық жағдайы қандай деген сұрақтарға жауап керектігін айтты. Бұған қоса сотталушы тарап бейнематериалдарды талдап, жол апатына байланысты өздерінің нұсқасын ұсынды. Бірақ мемлекеттік айыптаушы қайта сараптама жасауға келіспейтінін жеткізді. Дегенмен судья Қайрат Иманқұлов сотталушының өтінішін қанағаттандырды.
Қайрат Иманқұлов, Алмалы аудандық сотының судьясы:
- ҚР ҚК 345 бабының 3 бөлімі, сотқа берілген Әбсадықов Абдулхамит Жамаладинұлына қатысты қылмыстық іс бойынша жол көлік оқиғасы мен көлік құралына сот сараптама тағайындалсын. Сараптаманы жүргізу ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптама орталығы Алматы қаласы бойынша сот сараптама институтының сарапшыларына жүктелсін.
Еске сала кетейік, жол апаты өткен жылдың 8 қарашасында Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында болған еді. 98 бағыттағы және 201 бағыттағы жолаушылар автобусы соқтығысып, салдарынан жүргізуші жанындағы тәлімгер қаза тапқан. Оған қоса 9 адам әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Қылмыстық іс 7 ақпанда сотқа жолданған.