БҚО-да тасқын қаупі күшейіп барады
Бөрлі, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында төтенше жағдай режимі жарияланды. Шаған мен Деркөл өзендерінің суы қалыпты деңгейден асып кеткендіктен, 138 елді мекен бақылауға алынды. Облыс орталығында еріген қар суы 8 жеке тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысанды шайып кетті. Медициналық колледж жатақханасының кәріз құдығы толып, су ғимараттың ішіне қарай тасыған. 150 студент қауіпсіз жерге көшірілді. Тағы 8 көпқабатты баспананың жертөлесі суға толған. Жетеуінде электр желілері ажыратылғандықтан мыңға жуық абонент жарықсыз отыр. Тасқынға тосқын шараларына 100-ден астам адам мен 136 техника жұмылдырылды. Жертөлелерден шамамен 1 мың 200 текше метр су шығарылған.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
-Бір медколледж, бірнеше мектептер, олимпиадалық резерв дайындау мектебі, НИШ, осындай мекемелер, олардың жертөлесі кетті. Су көп көлемде келуіне байланысты канал өзінің нормасына сәйкес жұмысты атқара алған жоқ. Сарытауға өзім барып келдім жаңа. Әлі жоғарыда жатқан қар бар, мұз бар.