Еліміздің оңтүстігінде көктемгі егіс қарқын алды
Биыл Түркістан облысында 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарланған. «Көктемнің әр күні — жылға азық» екенін жақсы білетін шаруалар жер жыртып, егін салуға кірісіп кеткен.
Жердің жағдайын жақсы білетін диқандар биыл топырақта ылғал көп екенін айтады. Бұл себілген дәннің тез тамырланып, өсіп жетілуі үшін өте пайдалы. Топырақ жұмсақ болғандықтан, техникалар да тоқтаусыз жұмыс істеуде. Бірнеше жылдан бері егіншілікпен айналысатын Досбол Тілепбергеновтің 200 гектар жері бар. Шаруа оның 70 гектарына былтыр күздік бидай сепкен. Биыл 40 гектарға арпа, қалғанына мақсары мен жоңышқаның тұқымын егуді жоспарлап отыр.
Досбол Тілепбергенов, шаруа:
-Мақсары егуге шығып жатырмыз. Ауданнан көктемгі егіс жұмыстарына арзандатылған жанармай беріліп қойды. Өзіміздің тұқым жетпейді, сондықтан біз басқа аудандардан сатып аламыз оны.
Түлкібас ауданында 65 мың гектарға жуық егістік алқап бар. Биыл соның 29 мыңына жоңышқа, 10 мыңына мақсары, 8 мыңына арпа егілмек. Ал жаздық бидайдың тұқымы 2,5 мың гектарға себіледі деп жоспарланған. Одан бөлек, 1500 гектарға көкөніс, 1200 гектар жерге картоп тұқымы егілмек. Қалғанына мал азығы дақылдары себіледі. Ол үшін мемлекет шаруаларға жеңілдетілген бағамен 3 мың тонна жанар жағармай бөлген.
Жәнібек Керімқұлов, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Оны 4 айға реттеп, айма-ай 201 теңге мен 204 теңге арасында алып жатыр. Шаруалар көктемгі жұмысқа толыққанды дайын. Техникалары да, егілетін тұқым түрлерін де, дәнді дақылдарын да бәрін дайындап отыр.
Егістікті әртараптандыруға сәйкес, 317 мың гектарға дәнді және бұршақ дақылдары, 225 мың гектарға мал азығы, 126 мың гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілмек.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш