Қостанай облысында ауылдар арасындағы жолды су шайып кетті
Қазір тұрғындар екі елді мекен арасында қайықпен қатынап жүр. Ал көлікпен жету үшін, жолсыз даламен ұзындығы 60 шақырымдық үлкен көлді айналып өтуге мәжбүр. Негізі екі ауылдың арасы небәрі 10 шақырым. Қос елді мекенде 500-ге жуық адам тұрады.
Ал Қарағанды облысындағы елді мекендерді су басу қаупі сейілді. Облыстың оңтүстік өңірлеріндегі қардың 40% еріген. Күн жылынғандықтан, қар суы бірден жерге сіңіп кетіп жатыр. Дегенмен 140 ауыл бақылауға алынған. Осы уақытқа дейін 10 жуық өзенде көлемі 5 мың шаршы метр мұз жарылған. Алдағы уақытта облыстың солтүстік өңірлерінде де мұз жару жұмыстары жүргізіледі.
Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысының жарлығымен жаңадан құрылған Абай облысының орталығы - Семей қаласы жаңа кейіпке ене бастады. Апатты деп танылған ескі көпірдің жанынан ұзындығы 810 метр болатын, төрт жолақты өткел салу қолға алынды. Жыл басында Қарағайлы ықшам ауданында 150 орындық оңалту орталығы ашылды. Кезінде Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған «Елім-ай» футбол клубы қайта құрылып, бірінші лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Ал Алматы облысында Президент тапсырмасына сәйкес Алматы қаласы мен аудандар арасындағы жолаушылар тасымалы ретке келе бастады. Жуырда Қаскелең қаласы мен Алматы арасында қоғамдық көлік қатынай бастады. Бұдан бөлек, аудандағы 5 ауыл арасын жалғайтын 78-ші бағыт бойынша автобустар жүріп жатыр.