Абай облысында шаруалар суға жарымай отыр
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесінің Абай облыстық филиалын құру қажет». Өңірдегі егін егумен, мал өсірумен шұғылданатын шаруалар осындай бастама көтеріп отыр. Себебі аймақта су тапшылығы өзекті мәселеге айналған.
Ақсуат ауданында «Қазсушар» мекемесіне қарайтын үш су тоспасы бар. Соның бірі 6 мың гектарға жуық суармалы жері бар Қарғыба су тоспасы. 2016 жылы мұнда күрделі жөндеу жұмысы басталғанымен, құрылысы аяқсыз қалған. Мұның зардабын жергілікті шаруалар тартып жатыр. Бұрын 300-ге жуық шаруа қожалығына су берілсе, қазір тек 100-ден астамы тіршілік көзіне қол жеткізе алады.
Кенжебек Шыныбаев, «Қазсушар» ШҚО филиалы Ақсуат өндірістік учаскесінің басшысы:
- Біз қазір тек 1300 гектарын ғана игеріп отырмыз. Қалғандарына су бармайды. Жеті бірдей су арнасына су бармай тұр. «Көкбұқа» деген бір ғана каналмен су беріп отырмыз.
Үржар ауданындағы Қарақол су қоймасының жағдайы да мәз емес. Сыйымдылығы 55 млн текше метр болатын нысанның құрылысы өткен ғасырдың 80-жылдары басталып, сол күйі аяқталмай қалған. Су жеткіліксіз болғандықтан, жергілікті халық бау-бақша өсіре алмай отыр. Шөп те жеткіліксіз. «Мәселені шешу үшін «Қазсушардың» Абай облыстық филиалын құру қажет», – дейді су шаруашылығы саласының ардагерлері.
Сіләмбек Мұқашев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:
- Басқа облыстар бөлінген. Біздің облыс қана бөлінбей тұр. Бір мәселе шешу керек болса Шығыс Қазақстан облысына барады. Бөтен облыс болғаннан кейін көзқарас та басқаша болады ғой.
Нұржан Әміржанов, «Қазсушар» ШҚО филиалының директоры:
- «ҚазСуШардың» филиалын ашу мәселесі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құзіретіне жатады. Абай облысында филиал ашу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу керек.
Бұл қаражат қашан бөлінеді? Мекеменің Абай облыстық филиалы қай уақытта ашылады? Осы және өзге де сауалдарымызды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдеріне жолдағанбыз. Алайда олар жауап беруден бас тартты.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов