Атырауда тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр
Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртті браконьерлер тұтатқан болуы мүмкін. Мәжілісте журналистердің сұрақтарына жауап берген Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осылай деді. Айта кетейік, Атырау облысында жанып жатқан қамыс әлі толық сөндірілген жоқ. Жағдайды екпінді жел ушықтырып тұр. Өрттің жалпы ауданы 89 гектар.
Сондай-ақ, министр Алматыда жер сілкінісін алдын алу жоспары туралы мәлімдеді. Айтуынша, мегаполисте жыл соңына дейін 30-дан астам сейсмостанция орналастырылады.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Біз жер сілкінісі болуы мүмкін ошақтардың қай жерде орналасқанын білеміз. Бұл орталықтарда жер сілкінісінің пайда болуын тіркеуге мүмкіндік беретін датчиктер орналастырылады, олар автоматты түрде қалалар мен елді мекендердің ескерту жүйесіне дабыл беруі керек. Осылайша, зілзала ошағынан елді мекендерге дейін сейсмикалық толқын жеткенше біз ескерту жасап, санаулы секундтар ішінде бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік аламыз.